Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Деректер – дамудың кепілі

Деректер – дамудың кепілі

         Еліміздегі атаулы күннің тарихы 1920 жылғы 8 қарашада басталды. Статистика Үкімет қана емес, қоғам үшін де маңызды. Жүз жыл ішінде Қазақстанның бұл жүйесі халықаралық талаптарға сай өзгерді. Заманауи технологиялар енгізіліп, жұмысы нақтылана түсті. Қазіргі уақытта статистикалық ақпараттарды жинау және өңдеу барысында жаңа ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылуда. Ресми статистикалық ақпаратты пайдаланушылардың қолжетімділігі артты.
         – Статистикалық мәліметке сүйенсек, тәуелсіздік алғаннан бері облыс халқының саны 211,1 мың адамға көбейіп, өсу қарқыны 35,6% құрады. Облыстағы халықтың өмір сүру ұзақтығы ерлерде 60,5 жастан 68,93 жасқа дейін, әйелдерде 68,6 жастан 76,68 жасқа дейін өскендігі байқалады. Республикада облыс тұз өндірісі және күріш өндіру бойынша бірінші орында, шикі мұнай өндіру бойынша үшінші, балық өңдеу бойынша төртінші орында. Ал облыстағы аудандар арасында қазақтардың басым көпшілігі, яғни 99,9% Арал ауданында тұрады. Туудың 1000 адамға шаққандағы ең жоғары деңгейі 23,89 адам – біздің ауданда. Ауданның статистика бөлімі мен басқармасына әр жылдары Қуанышбай Мәндібаев, Алшынбай Мырзалиев, Амангелді Әбдібаев, Құрышбек Ізмағанбетов сынды азаматтар басшылық етті. Аудандағы статистикалық есеп жұмыстарына ардагерлеріміз Патима Жүргенова, Өмірзақ Игіліков, Рысқал Мәндібаева елеулі үлес қосты,– дейді Арал ауданының статистика басқармасының басшысы, «Қазақстан Республикасы Статистикасының үздігі» төсбелгісінің иегері Еламан Қапанов.
         Айтулы күнге орай, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев  аудандық статистика басқармасының қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
         – Статистика саласы – билік органдарымен қоғамды жан-жақты әрі шынайы, нақты ақпаратпен қамтамасыз ететін мемлекеттік басқару жүйесінің айрықша маңызды саласы. Аудан экономикасының қарқынын, әлеуметтік-экономикалық барысын сараптау жолында сіңірген еңбектеріңізге алғысым шексіз. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге толағай табыстар тілеймін, – деген аудан басшысы саланы дамытуға елеулі үлес қосып, ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп келе жатқан қызметкерлерге Ұлттық статистика бюросы басшысының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, облыстық статистика департаменті басшысының, облыс және аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.
"Толқын" ақпарат
14 қараша 2020 ж. 474 0