Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирусқа қарсы вакцина бірінші кімдерге салынады?

Коронавирусқа қарсы вакцина бірінші кімдерге салынады?

Елімізде келесі айдың бірінен бастап иммундауға жататын халықтың осал топтарына коронавирусқа қарсы вакцинация егу жұмыстары басталады. Қазіргі уақытта үш кезеңмен өтетін вакцинациялаудың алғашқы сатысында Ресейде шығарылатын Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қолданылмақ. Ол жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлеріне, санэпидқызмет мамандарына егіледі. Екінші кезеңде дәл сол вакцинаның Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген түрі жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарына, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет мамандарына салынады. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналау процесіне отандық – QazCovid-In препаратын қосу жоспарланған.
Осы ретте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтан медициналық ұйымдарда вакцинациялау қалай ұйымдастырылатынын сұрап білген едік.

«COVID-19-ға қарсы вакцинация емханалардағы жұмыс істеп тұрған егу пункттерінің базасында ұйымдастырылады. Бүгінгі күні КВИ-ға қарсы вакцинаның температуралық режимін ескере отырып, барлық медициналық ұйымдарда қажет етілетін салқын тізбекке (-18 С төмен) жағдай жасау бойынша шаралар қабылдануда. Медициналық ұйымдар Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті айқындаған контингентке сәйкес вакцинациялауға жататын адамдардың тізімдерін айқындайды және жасайды. Осы тізімдердің негізінде вакцинациялауға жататын адамдар барлық карантиндік талаптарды: әлеуметтік қашықтық, маска тағу режимі және тағы басқа талаптарды сақтай отырып, екпе алуға шақырылады», – деді ол.

Сонымен қатар ресми өкіл еліміздің барлық медицина ұйымдарының республика тұрғындарын вакцинациялауға дайындығы жайлы мәліметтермен бөлісті.

«Бүгінгі күні өңірлердің денсаулық сақтау басқармалары медициналық ұйымдардың дайындық жұмыстарын, атап айтқанда, вакцинаны тасымалдау үшін тоңазытқыш және мұздатқыш қондырғылармен және термоконтейнерлермен қамтамасыз ету сияқты жұмыстарды жүргізуде. Бұдан басқа, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қызметкерлері «ҚР-да COVID-19-ға қарсы вакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу» тақырыбында үш күндік вебинар ұйымдастырды және өткізді. Онлайн режимінде оқыту облыстық және қалалық деңгейдегі мамандар үшін жүргізілді, одан әрі «каскадты оқыту» форматында аудандық деңгейдегі мамандарды даярлау бойынша жұмыс жүргізілді. Оқыту аяқталғаннан кейін вакцинациялауға тартылған әрбір медицина қызметкері аттестаттаудан өтеді және даярлықтан өткені туралы куәлік алады», – деді Ержан Байтанаев.

Айта кетерлігі, Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету заңсыз саналады. Дегенмен, вакцинация коронавирус індетінің алдын алудың бірден-бір жолы екені де белгілі. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі отандық QazCovid-In препаратына үлкен үміт артатынын және вакцинаны тестілеу нәтижелі болса салдыратындығын кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында ашық айтқан болатын. Қазіргі уақытта отандық вакцина клиникалық сынақтың 3-кезеңінен өтуде.

«Осы жағдайда ол жақсы нәтижелер көрсетсе, мен дәл осы қазақстандық вакцинаны салдырамын», – деген еді ҚР Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі мен өңір әкімдеріне халықты жаппай вакциналау мәселесіне баса мән беруді де тапсырды.

«Бұл мәселе бойынша тек Денсаулық сақтау министрі ғана емес, әкімдердің бәрі мына жайды ескеруі керек: жалпыға ортақ вакцинация – өте маңызды мәселе. Бізге азаматтарды вакцинациядан өткізуде өте салмақты, ойластырылған, қыр-сыры ескерілген жоспар керек. Дүрбелең болмас үшін ол салада ескеретін өте көп нюанс бар. Вакцинация эпидемиологиялық ахуалды түзеуі керек. Алда жұмыс көп», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Вакцинациялау коронавирус инфекциясының алдын алуда тиімді шара екендігін ҚР Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев та айтып отыр.

«Тек вакцинация арқылы ғана пандемияға тосқауыл қоюға болатынын түсінуіміз керек. Тарихта мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Індет жайлаған кезеңдерде вакцина адамзатты бірнеше рет аман сақтап қалды. Сондықтан қазір таңдау жасауымыз қажет. Қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз, үлкен әлеуметтік салдары бар карантиндік шектеулерді әрі қарай күшейткен дұрыс па, әлде жаппай вакцинациялау арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастырып, қалыпты өмірімізге қайта оралғанымыз жақсы ма? Жауап әркімге түсінікті болар. Вакцинациялау – мәжбүрлі шара емес. Бірақ, тұтас халықтың денсаулығын сақтау тұрғысынан өте маңызды қадам. Сондықтан мемлекеттік аппарат пен қоғамдық институттар бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуге тиіс», – деді Сенат спикері.

Қазақстанның медицина мамандары да вакцинация коронавирусты жеңудің жалғыз жолы екендігіне назар аудартып отыр. Мәселен, жоғары санатты дәрігер-пульмонолог Саттар Ералиев:

«Коронавируспен ауырған науқастар вакцина салдыруы керек, өйткені аурудан кейін иммунитет 3 айдан 6 айға дейін қалыптасады. Осы уақыт аралығында олар тағы да жұқтырып алуы мүмкін. Мен тұрғындарды вакцинацияға белсенді қатысуға шақырамын. Қазір көптеген елдер вакцинаға қарсылық танытуда. Десек те, вакцинация қарқынды жүріп жатқан елдер де бар», – дейді.

Медицина ғылымдарының докторы, эпидемиолог Сәкен Әміреев жатыр мойны обыры және өзге де ауруларды тудыратын табиғи шешек, полиомиелит, вирусты гепатит, қызылша, эпидпаротит, пневмокок пневманиясы сынды ауыр инфекциялармен күресте жаппай вакцинациялау жоғары тиімділігін көрсеткенін мысалға ала келе коронавирусты да екпе алу арқылы жеңуге болады деп санайтынын айтады.

kyzylorda-news.kz
27 қаңтар 2021 ж. 471 0