2021-2022 оқу жылы дәстүрлі форматта өтеді
Биылғы оқу процесі қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес ұйымдастырылып келеді. 1-7 қарашада күзгі каникул басталады.
Бүгінде барлық мектептерде жиынтық бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келесі аптада барлық пәндер бойынша тоқсандық жиынтық бағалау жүргізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті.
Оның айтуынша, мектептердің 30% оқу процесі 1 ауысымда, 68% - 2 ауысымда және оқушылар орындарының тапшылығынан балалар контингенті көп мектептердің 2% оқу процесі 3 ауысымда ұйымдастырылған.
«Бүгінде штаттық режимде оқушылардың 86,4%, аралас форматта 11,6%, ата-аналардың өтінішінің негізінде 0,6 % бала қашықтан білім алуда. Біз бұған дейін де елімізде оқушы орны тапшы үш ауысымдағы мектептер бар екенін айтқан болатынбыз. Осы мәселені шешу бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін мың мектеп салынады. Биылғы жылдың өзінде жоспарға сәйкес 200 жаңа мектеп пайдалануға берілуі тиіс. Ауысымдарды жеңілдету үшін әр мектепке жеке пәндерді немесе пәндер бойынша жеке сағаттарды қашықтан өткізу арқылы аралас оқытуды ұйымдастыруға құқық берілді. Бүгінгі таңда мектептер бұл мүмкіндікті пайдалануда. Бұл негізінен Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент, Алматы және Түркістан облыстарының мектептерінде жүзеге асырылуда», - деді спикер.
Сонымен қатар, білім олқылықтарын толтыру бойынша жұмыс жалғасуда. Оқу сабақтарын жоспарлау осыны ескере отырып жүзеге асырылады. Ұлттық білім академиясы барлық негізгі пәндер бойынша күрделі тақырыптарды таңдап, ұсыныстар дайындады. Одан әрі жұмысты мұғалімдер балалардың қажеттіліктеріне байланысты жеке жүргізеді.
massaget.kz