Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Байқоңыр қаласындағы Ресей мектептерінде «Қазақстан тарихы» мен «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері оқытылады

Байқоңыр қаласындағы Ресей мектептерінде «Қазақстан тарихы» мен «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері оқытылады

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр мен РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Юрий Борисовтың төрағалығымен өткен пленарлық отырыста «Байқоңыр» кешені бойынша 7 үкіметаралық комиссия жұмысының қорытындысы шығарылды.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану перспективалары мен одан әрі дамытуға, сондай-ақ Байқоңыр қаласының әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты өзекті бағыттардағы мәселелерді талқылады.
Оның ішінде, Байқоңыр қаласындағы РФ орта мектептерінде міндетті пәндер ретінде «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерін енгізу туралы мәселе қаралып, Үкіметаралық комиссияның шешімімен РФ Білім министрлігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігіне Байқоңыр қаласындағы РФ орта мектептерінде «Қазақстан тарихы» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерін енгізу туралы мәселені пысықтау жөнінде хаттамалық тапсырма берілді.
Комиссия отырысында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасап, бірлескен жұмыс нәтижесінде Байқоңыр қаласы бойынша бірқатар мәселелердің оң шешімін тапқанын мәлімдеді.
«Байқоңыр қаласында жұмыс істейтін Ресей мектептерінде «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақстан тарихы» пәндерін оқытуға қатысты Қазақстан тарапының бастамасын қолдағаны үшін Ресейлік әріптестерімізге ризашылығымды білдіргім келеді. Өз кезегінде Қызылорда облысының әкімдігі мектептерді тиісті біліктіліктегі қажетті педагогикалық құраммен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етуге көмек көрсетуге дайын.
«Байқоңыр» кешені жөніндегі Үкіметаралық комиссияның жалпы үйлестіруімен ҚР мен РФ мемлекеттік органдарының бірлескен іс-қимылдарының арқасында қаланың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту жөніндегі іс-шаралар кешені іске асырылып жатқанын атап өткім келеді. Бүгінде бізде Байқоңыр қаласы тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарту және «Байқоңыр»кешенінің одан әрі табысты жұмыс істеуі үшін бар мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік бар», – деді аймақ басшысы.
Екіжақты келісім арқылы Байқоңыр қаласындағы РФ орта мектептерінде білім алатын ҚР азаматтарына өздерінің мемлекеттік тілін дамытуына, патриоттық және рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, ҚР заңнамасына сәйкес мемлекеттік білім гранттарын алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жағдай жасалатын болады.
Сондай-ақ, комиссия отырысында «Байқоңыр» кешеніндегі пайдаланылмай тұрған нысандарды жалға беруден шығару, есептен шығару және кәдеге жарату, Байқоңыр қаласының жылу электр станциясына табиғи газды жеткізу мәселелері бойынша екіжақты тараптардың ұстанымына қарай ортақ шешім қабылданатын болады.
Еске салайық, қазіргі таңда, Байқоңыр қаласында 12 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 5 мектеп ҚР Білім беру стандарттары бойынша және 7 – РФ Білім беру стандарттары бойынша оқытуда. Мұнда барлығы 9 232 оқушы білім алады.

kyzylorda-news.kz
13 желтоқсан 2021 ж. 383 0