AMANAT өкілдері Аққұмда

Бұл бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде басталып та кетті. Осы аптада ауданға қарасты Аққұм ауылдық округінде "AMANAT" партиясының облыстық филиалы мобильді қоғамдық қабылдау өткізді. Округ орталығындағы Шижаға ауылдық мәдениет үйіне жиналғандардың қарасы өте көп болды. Алдымен сөз сөйлеген облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова жиналған жұртшылықты "AMANAT" партиясының басты ұстанымы мен алдағы уақытта атқарылатын жоспарларды атап өтті. Сондай-ақ халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, елдің пікіріне, үніне құлақ асатын жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолында жасалып отырған осындай тың бастамалардың болашағынан үлкен нәтиже күтетінін жеткізді.
Одан кейін ауыл тұрғындарын Ләйлә Төрешовамен қатар партияның Арал аудандық филиалының атқарушы хатшысы Талғат Қанатов, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбсұлтанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әзизбек Ізімбетов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Мейрамбек Әбдікәрімов, облыстық мәслихат депутаттары Лаура Ибраимова мен Еркебұлан Аяғанов және аудандық мәслихат хатшысы Базарбай Төрахметовтер жеке қабылдап, ұсыныстарын тыңдады.

Мұнан бөлек жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім саласы, жол мен мәдениет, әлеуметтік мәселелер жайлы түрлі пікірлер тыңдалған қабылдауда партия мен басқармалар өкілдері сөз сөйлеп, субсидиялау, тұрғындарыдң әлеуметтік жағдайын жақсарту төңірегінде сөз етті. Қайрат Әбсұлтанов ауданға табан тіреген қонақтарға аудан тұрғындары атынан алғыс айтып, елдегі көптеген сауалдың түйінін алдағы уақытта да бірлесе отырып атқаратындығына сенім білдірді.
Шара соңында ауыл ақсақалдары батасын беріп, ел азаматтарына, AMANAT партиясына деген сенімін білдірді. Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолында халық әрқашан билікті қолдайтынын айтты.
Оңталап ЖОЛДАСОВ