Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Партия тынысы "Аманаттықтардың" бағыты айқын

Партия тынысы "Аманаттықтардың" бағыты айқын

«Аманат» партиясының аудандық филиалы ғимаратында партия активінің отырысы болып өтті. Оған партияның аудандық филиал төрағасы, аудан әкімі С.Сермағамбетов төрағалық етіп, 23 жылдық тарихы бар жетекші партияның жұмысын түбегейлі модернизациялауға байланысты Мемлекет басшысының тапсырмаларын назарға алды.
– Партия –23 жылдық тарихы бар еліміздегі ең іргелі саяси ұйым. Осы кезеңдер ішінде партия халықты ортақ мақсатқа жұмылдыра білді. Қоғамға пайдалы көптеген бастамалар мен тындырымды істердің басы-қасында болды. Сайлаушылардың қолдауына қол жеткізді. 1 наурызда өткен Партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде партия жұмысын түбегейлі модернизациялау бағыттары ұсынылды. Филиал жанынан құрылған қоғамдық кеңестердің құрамы жаңартылды. Саяси кеңес мүшелері аумақтық филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарына тәлімгерлікке бекітілді,– деді аудан басшысы.
«Қаңтар оқиғасынан» кейін республика бойынша көптеген саяси шешімдер қабылданып, ауқымды өзгерістер болғанын айтқан төраға бірқатар кадрлық ауыс-түйістердің орын алғанын тілге тиек етті. Кезектен тыс ХХІІ съез барысында Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов партия атауын «AMANAT» деп өзгерту туралы ұсыныс білдіріп, съез делегаттары тарапынан бірауыздан қолдау тапқан болатын. Бұл – Жаңа Қазақстанды құру жолында жаңарған партия берілген айрықша жауапкершілік пен көрсетілген зор сенім екенін айтып өтті. Сондай-ақ съез шешімімен партияны модернизациялаудың негізгі 7 басым бағыты айқындалғанын жеткізді. Олар: халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру, партияластар арасындағы ынтымақтастықты арттыру, партияның жұмысындағы ашықтық, партиялық бақылауды күшейту, партияның бағдарламалық құжаттарын қайта қарау және халықтың әр түрлі топтарымен жұмыс істеу, сондай-ақ «Jas Otan»жастар қанатының жұмысын жетілдіру болып табылады.
Партия филиалының аталған бағыттар бойынша атқаратын жұмыстары туралы аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Талғат Мырзағұлұлы сөз сабақтады.
– Партия мемлекет дамуының жаңа кезеңі мен уақыт талабына сай жаңғырып, «Amanat» атауын алып, өзіне үлкен міндеттер мен жауапкершіліктер жүктеді. Партияның жаңа атауы қоғамдағы барлық игі істер мен ізгі құндылықтарды сақтап, оларды болашаққа жеткізуші саяси күш ретінде алға нық қадам бастағанын көрсетеді. Сонымен бірге съезде қабылданған әрбір шешімде делегаттардан бөлек, өңірлердегі барлық партия мүшелерінің де үлесі бар деп айта аламыз. Мұнан бөлек партия өзіне жүктелген міндеттерді қайта қарап, барлық партиялық органдардың, фракцияның, қоғамдық кеңестердің жұмыс тиімділігін арттыру жұмыстарын қолға алды, – деген Т.Қанатов партия жұмысын жаңғырту бойынша алда тұрған жұмыстарды баяндады.
Мұнан соң фракция жетекшісі Қанағат Әбдіхалыққызы және партия аудандық филиалы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Сабырбай Ержан сөз алып, билік партиясының түбегейлі жаңа сипат алуы даму жолындағы жаңа Қазақстанды бірге қалыптастыруға талпындыратынын атап өтті.
Актив отырысында «Партия Төрағасы бағытымызды айқындады. Ендігі кезекте жүктелген тапсырмалар қысқа мерзімде орындалуы керек» деген аудан басшысы алда маңызды міндеттердің тұрғанын жеткізіп, мемлекет басшысы 16 наурызда саяси реформалардың жаңа бағдарламасын ұсынатынын жеткізді. Сондай-ақ барша партияластарды ел бірлігін нығайтып, жаңа Қазақстанды құру жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
«Толқын» ақпарат
09 наурыз 2022 ж. 779 0