Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда әкелер форумы өтті

Аралда әкелер форумы өтті

Кеше аудандық мәдениет үйінде «Әке-отбасының алтын діңгегі» атты аудандық әкелер форумы өтті.
Бала тәрбиесіндегі әкелердің ролін арттыруға бағытталғын шара республикалық «Сенімен Болашақ» ата-аналар қоғамдық бірлестігімен бірге ұйымдастырылды.
Форумда алғашқы сөз алған аудан әкімінің орынбасары К. Бержанов: - «Бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі. Кемел келешігіміз үшін жас ұрпақты өсиет-өнегемізбен ұлттық тәрбиеге баулығынымыз жөн. Қазақ «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деп жайдан жай айтпаса керек. Әке – асқар тау. «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер»-демекші бала бойындағы жақсы қасиеттердің барлығы әке арқылы беріледі. Жанұядан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғыртып, рухани болмысымызды арттыра түсейік!»-деп форум жұмысына сәттілік тіледі.
Одан соң «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, идея авторы Нұркен Жарылқапұлы аталған бірлестікті құрудың негізгі себебі мен алғашқы қадамдары туралы ой бөлісті. Бала тәрбиесінде әкенің алар орны зор екендігін айтып, ой ояту мақсатында республиканың бірнеше өңірінде бірлескен жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.
Форум барысында аталған қоғамдық бірлестік төрайымы Жансая Бердімұратқызы алдағы мақсаттары мен жоспарлы шараларға тоқталды.
"Қазақ отбасындағы әке ұғымы" тақырыбында аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мәлімбаев Қанатбай хабарлама жасап, мектептерде ер мұғалімдердің үлесін арттыру жөнінде ұсынысын жеткізді.
Ұрпақ тәрбиесі жөніндегі келелі мәселелер талқыланған жиын бала тәрбиесіндегі эксперт-маман, педагог Елжас Ертайұлының семинар-тренингімен жалғасты.
Ал “Сенімен Болашақ” РҚБ Қызылорда филиалының психологы Райхан Аманбайқызы форумға қатысушы әкелермен ашық сұқбат құрып, сұрақ-жауап арқылы ой-пікір алмасты. Форум соңында мектеп өмірімен етене араласып, қамқорлық танытып жүретін белсенді ата-аналарымызды марапатталып, ата-аналардың балаларымен бірге көрсеткен өнерлері көпшілік назарына ұсынылды.
Атап өтейік, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлесітігінің филиалдары еліміздің 18 өңірінде құрылып, жұмыс жасауда. Өткен жылдың қазан айында бұл қоғамдық бірлестікпен Арал ауданы бойынша білім бөлімі арасында меморандум жасалып, ата-аналармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
23 ақпан 2023 ж. 453 0