Әлихан Смайылов премьер-министр лауазымын сақтап қалды

"Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасының премьер-министрі лауазымына тағайындалсын", - делінген президент жарлығында.
Айта кетейік, бүгін Amanat партиясы жаңа премьер-министрдің лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын ұсынған еді. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев мәжілістегі партия фракцияларының жетекшілерімен кездесіп, үкімет басшысы лауазымына Amanat партиясы ұсынған кандидатты талқылады.
Сондай-ақ мәжілістің пленарлық отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, өзі де премьер-министр лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынатынын жеткізді. Осыдан кейін оның кандидатурасы дауысқа салынды. Дауыс беруге 98 депутаттың 97-і қатысты.
Нәтижесінде Смайыловтың кандидатурасын 82 депутат қолдаса, 7-еуі қарсы болып, 8 депутат қалыс қалды. Осылайша, мәжіліс депутаттары премьер-министр лауазымына Әлихан Смайыловты тағайындауға келісім берді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Әлихан Смайылов Қазақстан үкіметін 2022 жылғы 11 қаңтардан 2023 жылғы 29 наурызға дейін басқарды.