Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр өңірінде Темірбек Жүргенов жылы кең көлемде атап өтілмек

Сыр өңірінде Темірбек Жүргенов жылы кең көлемде атап өтілмек

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен түркітілдес елдерде 2023 жыл – Темірбек Жүргенов жылы болып белгіленді. Қайраткердің мерейтойы туған жері – Сыр елінде кең көлемде атап өтілмек. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

«Сыр елі – ұлттың бағына туған талай тұлғаларды дүниеге әкеліп, қаншама қабырғалы қайраткерлерді түлетіп ұшырған қасиетті мекен. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы тұрақты кеңесінің ХХІХ отырысы шешіміне сәйкес түркітілдес елдерде 2023 жыл – Темірбек Жүргенов жылы болып белгіленді. Қайраткердің 125 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігі республикалық іс-шаралар жоспарын бекітіп, жерлесіміздің есімін ұлықтау бойынша кешенді шаралар өткізілді және мерейтой жыл соңына дейін жалғасады», – деді аймақ басшысы.

Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктердің байқауы және Кеңес Дүйсекеев атындағы әншілер конкурсы биыл алғаш рет халықаралық деңгейде өтті. Басқа да қоғамдық-саяси маңызды шаралар жоспарға сәйкес ұйымдастырылуда.
Жақында облыста құрамында симфониялық оркестр құрылып, мүмкіндігі шектеулі өнерпаздар шығармашылығын шыңдауға арналған Инклюзивті театр жұмысын бастады. Бұған дейін үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта жасақталуда.

Өңіріміздегі табылған сақтардың «Шірік-Рабат Алтын адамы» мен Алтын Орда кезеңіндегі «Сығанақ ханшайымының» қалпына келтірілген мүсіндері жасалады. Биыл мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған облыс әкімінің «Тұран» сыйлығын табыстау басталды.
07 маусым 2023 ж. 214 0