Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Телефон арқылы сөйлесті

Телефон арқылы сөйлесті

Түркия тарапының бастамасы бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті.
Түркия Президенті Абай облысындағы алапат өрт салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас Қазақстан халқына көңіл айтты.
Әңгімелесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
***
Өзбекстан тарапының бастамасымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті.
Өзбекстан Президенті Абай облысындағы өрт салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты Мемлекет басшысына және Қазақстан халқына көңіл айтты. Шавкат Мирзиёев қаза тапқан азаматтардың отбасының қайғысына ортақ екенін жеткізді.
Әңгімелесу барысында тараптар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін тағы да растады және әлемдегі қазіргі жағдай туралы пікір алмасты.

Көңіл айту жеделхаттары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Абай облысындағы алапат өрт салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты шет мемлекеттердің басшыларынан, халықаралық құрылымдардың өкілдерінен көңіл айту жеделхаттары келіп түскен.
Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына Қазақстанның шығыс аймағындағы алапат орман өртіне байланысты өзінің қолдауын және жылы лебізін білдірген. «Табиғат апатының ауыр салдары еңсеріліп, зардап шеккен аумақтар қалыпты өмірге оралатынына сенімдімін», – деп жазылған Ресей Президентінің жеделхатында.
Сондай-ақ, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев: «Осындай қайғылы сәтте Сізге және бауырлас әрі достас Қазақстан халқына көңіл айтамын. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақ екенімді жеткізуіңізді сұраймын» – деген жеделхатында.
Осындай мазмұндағы жеделхаттар Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтан, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон мен Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтен, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев,Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған және Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифтен де келген.
Көңіл айту жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр деп хабарлады akorda.kz.

syrboyi.kz
13 маусым 2023 ж. 360 0