Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқаевқа кімдер телефон шалды?

Тоқаевқа кімдер телефон шалды?

 tolqyn.kz Тарихи маңызды күн де өз мәресіне жетті. Барша ел болып асыға күткен саяси науқанға мемлекетіміздің әр өңірінен ел болашағын ойлайтын әрбір  азамат жауапкершілік танытып, өз таңдауларын жасаған болатын. Сонымен бірге шетелден де дауыс беруге арналған арнайы сайлау учаскелері үздіксіз жұмыс атқарды. «Ашық қоғам» институты жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 82,45 пайыз жинап, ел қолдауына ие болды.
Сонымен қатар мемлекет басшысын шетел президенттері де құттықтаудан қалыс қалмады. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты жариялаған болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті. Тәжікстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының кезектен тыс Президент сайлауындағы  жеңісімен құттықтап, мемлекеттер басшылары келесі жылдың басында екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті. Тараптар Қазақстан мен Тәжікстан халықтарының игілігі жолында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді. Мұнан кейін президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі түйіткілді мәселелер жөнінде талқылады.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының кезектен тыс Президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, мемлекет басшысы бүгінде екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ стратегиялық серіктестік деңгейіне толық сай келетінін айтып өтті. Ел Президенттері қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасып, алдағы кездесулердің кестесін қарастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен де телефон арқылы сөйлесті.
Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, жоғары мемлекеттік қызметіне табыс тілеп, ізгі ниет білдірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтағаны үшін Садыр Жапаровқа ризашылығын білдіріп,  екі ел арасындағы көпжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайта беретініне ниетті екенін айтты.
Әңгімелесу барысында тараптар қазақ-қырғыз стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
«Толқын» ақпарат
21 қараша 2022 ж. 472 0