Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржылық сауаттылықтың төмен болуы түрлі мәселелерге әкеледі

Қаржылық сауаттылықтың төмен болуы түрлі мәселелерге әкеледі

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен қоғам қайраткері, жазушы, Жан Ақжановпен кездесу өтті. Шараға департамент басшысының орынбасары Абылғазым Сәдуақасов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерділдә Нұртазаұлы және қоғамдық даму басқармасы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының лауазымды тұлғалары қатысты.

Басқосуда қаржы пирамидасы мен заңсыз ойын бизнесінің алдын алу мәселесі талқыланды.

Қазіргі таңда қаржы пирамидасы мен заңсыз ойын бизнесі елімізде кеңінен тарап, қоғамның дертіне айналуда. Бұл дерттің қарамағына үлкен де, кіші де көптеп ілінуде. Қаржы пирамидасы бойынша біздің департаменттің өндірісінде 4 қылмыстық іс (ChiaTai және QNet-2) болды. Оның 2-і аяқталып, сотқа жолданды. Q-Net-ке қатысты қылмыстық іс бойынша 47 млн. астам теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Сондай-ақ, 53 млн. теңге келтірілген залал толық өтелді, - деді департамент басшысының орынбасары Абылғазым Серікұлы.

Қоғам қайраткері Жан Ақжанов қаржы пирамидаларының әлеуметтік желіге көшкендігін, соның салдарынан алданушылар қатарының көбейгендігін сөз етті.

Қаржы пирамидасының түрлері жыл сайын түрленіп келеді. Қаржы пирамидаларын жасаушылар өздерінің алаяқтық жобаларын әртүрлі тәсілдермен ұсынуда. Ол бағалы қағаз, зергерлік бұйымдар, криптовалюта және басқа да тауарлар болуы мүмкін. Алайда, мұндай ұйымдардың басты мақсаты – азаматтардан ақша тарту екенін түсіну керек, бұл үлкен қаржылық шығындарға әкелуі мүмкін, - деді қоғам қайраткері.

Ал кездесуде департаменттің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Майра Оралбаева заңсыз ойын бизнесінің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді.

Жиын соңында қатысушылар мамандарға сұрақтарын жолдап, нақты жауаптарын алды.

kyzylorda-news.kz
18 қазан 2023 ж. 270 0