Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Экология және табиғи ресурстар министрі Сыр елінде

Экология және табиғи ресурстар министрі Сыр елінде

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында министр А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде облыс тұрғындарымен кездесіп, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселенің бірі – Арал теңізін сақтап қалу бағытындағы негізгі шаралар туралы айтты. Одан бөлек, орман шаруашылығында атқарылып жатқан жұмыстар, балық экспортын арттыру, жануарлар дүниесін қорғау, тұрмыстық қалдықтарды реттеу бойынша бірнеше мәселелер көтерілді. Жиыннан соң министр тұрғындардың мәселелеріне байланысты жеке қабылдау өткізді.

Одан әрі ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг өтікізіп, Қызылорда облысындағы жұмыс сапары туралы толығырақ баяндап берді.-Бүгінгі халықпен кездесуде баршамызды толғандырып отырған экологиялық мәселелер кеңінен айтылды. Оның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтар мен «Байқоңыр» аумағындағы жиналған құрылыс қалдықтары экологияға едәуір зиян келтіруде. Осыған байланысты екі мемлекет аралық комиссия отырысында «2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы» әзірленіп, жоба аясындағы жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде аталмыш жоба шеңберінде 12 мың кубтан астам қалдық жойылды. Алдағы уақытта Қызылорда облысы әкімдігімен бірлесіп, ауқымды инвестициялық жоба әзірленетін болады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Аралдың құрғаған табанына 1 млн 100 гектар жерге көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылы балық шаруашылығын дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама қабылданған болатын. Осы бағдарлама арқылы қолдан балық өсіруге арнайы субсидия қарастырылған. Бұл жұмыстардың нақты орындалуы министрліктің тікелей бақылауында, – деді министр Ерлан Нысанбаев.Өз кезегінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, сапар барысын қорытындылады.

syrboyi.kz
18 қараша 2023 ж. 334 0