Қызылордада 21 жайлы мектеп салынады

«Облыс бюджетінің 61 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Соның ішінде білім саласына 278 млрд теңге бөлінді. Салада ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Биыл облыста 4 жаңа мектеп пайдалануға берілуде. Президент тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп салынады. Жоба құны – 98 млрд теңге. Қазір 10 мектептің құрылысы жүргізілуде, қалған 11-і келесі жылы басталады. 2025 жылы толық тапсырылады», – деді ол.
Айта кетейік, Қызылорда қаласында «Білімді қолдау қоры» есебінен физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат құрылысы қарқын алды.
Мұнан бөлек, 4 мектеп жанынан 1850 орынға арналған қосымша ғимараттар салынып, пайдалануға берілді.
«Қосымша ғимараттар біріншіден, балалардың қатынауына жақын, ыңғайлы. Екіншіден, бюджет қаражаты үнемделді. Бір мектеп салғанға орта есеппен 3 млрд теңге кетеді. Ал қосымша құрылысқа кеткен шығын шамамен 700 млн теңге», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ шалғайдан қатынайтын оқушылар үшін жаңа үлгідегі 30 автобус алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы бастамасы аясында биыл қарашада Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы университет жанынан СеулТех Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды.
syrboyi.kz
Сурет: aqmeshit-zhastary.kz