Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдегі су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат – Президент

Елдегі су тасқыны көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат – Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар облысындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жариялады. Президент мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмағанын, бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат екенін айтты.

Мемлекет басшысы су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланғанын айтты. Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары аталды.

    «Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл — табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады. Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы — азаматтардың амандығы.» — деді Президент.

Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарын, белсенді азаматтар мен блогерлерді жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпарат таратпауға шақырды. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды екеніне тоқталды.

    «Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын» — деді Президент.

Сондай-ақ ол құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысын айтты.

    «Осындай қиын-қыстау кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару айрықша маңызды. Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді» — деп үндеу жолдады.

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Фото: ашық дереккөз 

06 сәуір 2024 ж. 344 0