Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек қалай төленеді

1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек қалай төленеді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмектің қалай өзгеретінін түсіндіретін бейнеролик жариялады, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
 Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек - жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің жартысынан аспайтын азаматтарға ұсынылатын ақшалай төлем. Қазіргі уақытта (1 сәуірге дейін) атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің басты шарты - отбасының әр мүшесіне бөлінетін табыс 14 849 теңгеден аспауы тиіс.
«Мәселен, төрт бала тәрбиелеп отырған ананың отбасылық табысы 50 мың теңге болса, отбасы мүшелеріне - бес адамға бұл табыс 10 мың теңгеден тиеді. Атаулы әлеуметтік көрсетудің басты критерийі - 14 849 теңге болғандықтан, одан отбасы табысы - 10 мың теңгені алып тастаймыз. Айырмашылық 4 849 теңге - бұл отбасының әр мүшесіне арналған көлем. Бұл соманы беске көбейтсек, 24 245 теңге болатын атаулы әлеуметтік көмек көлемі шығады», - деп хабарланды бейнероликте.
1 сәуірден бастап, атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі 20 789 теңгеге дейін көтеріледі.
  «Сол мысалды алсақ, отбасылық табысы 50 мың теңге болатын, кәмелет жасына толмаған төрт баланы тәрбиелеп отырған анаға 10 789 теңге беріледі. Бұл сома критерий - 20 789 теңгеден 10 мың теңгені алып тастағанда шығады және бұл көлем тек анасына беріледі. Ал балаларға 20 789 теңге мөлшерінде бекітілген сома беріледі. Нәтижесінде төрт балаға - 83 156 теңге және анасына 10 789 теңге бөлінеді. Жалпы алғанда, балалар мен анасы 93 945 теңге атаулы әлеуметтік көмек алады. Осылайша, атаулы әлеуметтік көмек көлемі 3,9 есе  артады», - делінген бейнероликте.
93 945 теңге атаулы әлеуметтік көмек пен 50 мың теңге табысты қосқанда, мысалға келтірілген отбасының жалпы табысы 143 945 теңгені құрайды.
kyzylorda-news.kz
11 наурыз 2019 ж. 1 453 0