Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Н. Нәлібаев: "Бала тәрбиесіне қоғам болып жұмылу қажет"

Н. Нәлібаев: "Бала тәрбиесіне қоғам болып жұмылу қажет"

Бүгінгі «Digital Kazakstan: Жаңа замандағы білім беру» тақырыбындағы облыстық педагогикалық тамыз кеңесінде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев оқушыларға әлеуметтік қолдау көрсетілетінін, тәрбие ісіне қоғам болып жұмылу қажеттігін айтты.
«Түрлі әлеуметтік санаттағы отбасылардан шыққан балаларды қолдау мақсатында пәрменді шаралар қабылдануда. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін өткен жылы 100 пәтер, биылғы бірінші жартыжылдықта 127 пәтер берілді.
Оларды әлеуметтік қолдау жалғасын табады. Биыл жергілікті бюджеттен жалпыға міндетті оқу қорына 5,2 млрд теңге бөлінді, 87 331 оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз етуге бюджеттен 9 млрд теңге қаржы қаралды (52 264 бастауыш сынып). Бұның барлығы – саламатты, білімді ұрпақ тәрбиелеуге көрсетілген мемлекет қолдауы.
Педагог қауымы өздеріне жүктелген мәртебелі міндетті абыроймен алып жүруі керек. Білім беру саласына қойылатын негізгі 2 ғана талап пен міндет бар. Оның бірі – сапалы білім беру, екіншісі – саналы тәрбие беру. Балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәлімі мен тәрбиесін ұштау басты бағытымыз болуы тиіс.
Мектеп – оқушы – ата-ана үштағаны үйлесімділікте жұмыс жасауы қажет. Қазір жастар мен жасөспірімдер арасында зорлық-зомбылық, құқық бұзушылық, қылмыс, суицид, кибербуллинг, топтық төбелес, тағы басқа да келеңсіз жағдайлар жиі кездесуде. Біз өз тарапымыздан кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында шаралар қабылдап келеміз»,– деді Н.Нәлібаев.
Жыл басында облыс әкімдігі облыстық прокуратура, облыстық полиция департаментімен бірлескен «Жол картасын» бекітті. Мамыр айының соңында құқық қорғау органдарының басшылары, ата-аналар мен педагогтер қатысқан, тәрбие саласындағы мәселелер талқыға түскен алқалы жиын өткізілді. Келелі кеңесте бала тәрбиесіне қатысты тұшымды ойлар мен ұсыныстар айтылып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
Облыс әкімі өз сөзінде бала тәрбиесіне қоғам болып жұмылу, ұстаздармен қатар, ақсақалдар алқасының, аналар кеңесінің, қауымдастық мүшелерінің бірлескен шаралар қабылдауы өте маңызды екенін атап өтті.
Тамыз кеңесіне қатысушылар Халықаралық «Robotek Grand Tournament – 2024» чемпионатында озық шыққан, республикалық ғылыми жоба конкурсында «Black hole» жобасын цифрлық технология негізінде зерттеп жүлдегер атанған, республикалық «Зерде» зерттеу жобалар конкурсында «Сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға жасанды интеллект технологиясымен «Logo master» арқылы көмектесу», республикалық ғылыми жоба конкурсында «Устройство урны для автоматической сортировки отходов» атты жобаларымен бірінші орын алған, «First Championship» республикалық робототехника байқауында «Ұйқыға қарсы көзілдірік, Метрологиялық станция» жобасымен бас жүлде иеленген оқушылардың жетістіктері таныстырылған көрмені тамашалады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
20 тамыз 2024 ж. 116 0