Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Орда» үймен қамтамасыз етеді

«Орда» үймен қамтамасыз етеді

Қызылорда облысы өткен жылдың қорытындысымен Республика бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етуде көш басында келеді. Бұл игі бастама биылғы жылы да өз жалғасын таппақ. Аймақ халқы алдындағы есепті кездесуінде облыс әкімі Қ.Көшербаев  бастапқы төлемсіз тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасы» әзірленіп жатқандығын мәлімдеді.
– Біз өңір тұрғындарының әлеуметтік осал тобын мейлінше қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді мақсат етіп қойдық. Сол үшін 2017 жылы 3 жылға есептелген «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасын» әзірледік.  Несиелік тұрғын үйдің көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі аз қамтылған топтарының барлығына бірдей  қолжетімді еместігін ескеріп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыстық бюджеттен  2 млрд. теңгеден қаржы бөлу туралы шешім қабылдадық, – деді аймақ басшысы. 
Аталған бағдарлама бойынша бастапқы төлемсіз ай сайынғы жалға алу құны шартымен бірінші кезекте көп балалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 1,2-топ мүгедектері, сондай-ақ, оралмандар баспанамен қамтамасыз етілетін болады. Бағдарламада кейін өз атына өтеу құқығы да қарастырылған. Мысалы, көпбалалы отбасы екі бөлмелі пәтерді ай сайын 42 мың теңге, ал, үш бөлмелі пәтерді 52 мың теңге төлей отырып, ала алады. Бұл үшін басқа бағдарламаларда қаралған 30 пайыздық  алғашқы төлемді төлеу міндетті емес.
Осылайша, қарапайым халық ахуалын ескере отырып қабылданған «Орда» бағдарламасы аймақ жұртына зор қуаныш сыйлағалы отыр.
Назерке Маратқызы
16 ақпан 2018 ж. 2 454 0