Өткен жылы "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы қанша отбасы баспаналы болды?

Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бас сарапшысы Құрманғожина Сара Жаңабайқызы Tengrinews.kz редакциясы жолдаған сауалхатқа берген жауабында айтты. Маманның айтуынша, "Нұрлы жер" бағдарламасы 2017 жылдан бастап іске асыруын бастады, оның құрамына істегі "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудын 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы және Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасындағы тұрғын үй құрылысының мәселелері қосылды. "2014-2016 жылдары осы аталған бағдарламаларды іске асыру аясында 26,9 миллион шаршы метр немесе 231,7 мың баспана іске қосылды (2014 жылы - 63,7 мың баспана, 2015 жылы - 78,7 мың баспана, 2016 жылы - 89,3 мың баспана). Ал былтыр 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілді", - делінген маманның жауабында. Еске сала кетейік, осыған дейін маман "Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы баспаналы болғысы келетіндерге кеңес берген еді. Сондай-ақ, жақында ТҮҚЖБ арқылы қайталама нарықтан қалай баспана алуға болатыны айтылған еді. Ол кезде банк мамандары ТҮҚЖБ арқылы қайталама нарықтан үй аламын деген адамның екі жолдың біреуін таңдай алатынын мәлімдеген болатын.