Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылқы өсіру жолға қойылған

Жылқы өсіру жолға қойылған

Мемлекет сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үлкен жауапкершілік артылады. Қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер. Қуатты ел болу-бәсекеге қабілетті болу деген сөз. Мемлекет жекешелендіру мен экономикалық ырықтандыру бойынша біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған қадамдарға барып отыр. Еліміз қазірдің өзінде көпшіліктеріңізге ақша табуға  және іскерлік журналдардың бірінші беттерінен көрінуге мүмкіндік берді. Мен сіздерді капиталдарды заңдастыруға, жекешелендіру тендерлеріне белсенді қатысуға шақырамын. Осылайша, сіздер өздеріңізге және Қазақстанға, барша халқымызға жәрдемдесетін боласыздар.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сөзінен қанаттанған республика халқы бүгінгі таңда кәсіпкерлікпен айналысуға деген қызығушылығы мен белсенділігін айқын көрсетіп отыр. Көкжиегі кеңейген кәсіпкерліктің даму бағыты мен нәтижесі көңіл қуантарлықтай.
Бұл бағыт біздің ауданымызда да кенже қалған жоқ. Жыл санап кәсіпкерлердің қарасы көбейіп келеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында қарқынды даму байқалады. Бүгінгі таңдағы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», тағы да басқа бағдарламалар аясында жүргізілген жұмыстар жемісін беруде.
Кәсіпкерлікті жүйелі жүргізіп келе жатқан елді мекендердің бірі-Сапақ ауылы. Жылқы малының жайын жете білетін шаруалардың «Құлан» мемлекеттік бағдарламасы аясында тындырған істері оң нәтиже танытуда.
Тарих қойнауына еніп үлгерген 2016 жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкер Амандық Қайназаров өз кәсібін бастаған болатын. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту және кәсіпкерлерді қолдау үшін берілетін 5,5 миллион теңге несие алды. Сол несиеге 17 бас аналық бие, 2 асыл тұқымды айғыр сатып алған Амандық мал басын асылдандыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Еткен еңбегі зая кетпеді. Бір жылдың ішінде 17 бас құлын қосылып, кәсіп иесінің өз ісіне деген құлшынысын тіпті арттыра түскендей.
Ал, үстіміздегі жылдың тамыз айында Сапақ ауылына қарасты Тасбөгет елді мекенінің тұрғыны Айгүл Баймбетова да «Құлан» бағдарламасы негізінде өз кәсібін бастады. Мемлекет тарапынан 6,1 миллион теңге несие алған кәсіп бастаушымыз 21 бас аналық бие, 2 асыл тұқымды айғыр сатып алып, мал басын асылдандыру жұмыстарына кірісіп те кетті.
Иә, мемлекеттің қолдауын сезініп, кәсіпке бет бұрғандардың барынша көп болуы ел дамуына зор ықпал етеді. Осыны сезінген барша кәсіп иелері мен кәсіп бастауға ниеттілерге біз қолдау жасауға әрқашан дайынбыз.
«Еңбегі жанғанның тоқтысы егіз туады»,-дейді қазақ. Еңбектеріне береке тілейміз.
Ө.Санақұлов,
Сапақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы.
09 қаңтар 2018 ж. 1 944 0