Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Президент Жолдауын талқылады

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Президент Жолдауын талқылады

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.

Жиында Басқарма Төрағасы-ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызы сөз бастап, Жолдаудың негізгі басымдықтарына тоқталды. Келелі кеңес барысында ғылым мен білім саласын дамыту бойынша біршама мәселелер қозғалып, университет профессорларының ашық пікірлері сараланып, экономикалық саясатты одан әрі жетілдіру, цифрландыру және адам құқығы туралы Президент Жолдауында бұрын қабылданып, бүгінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесі айтылды.
Мәселен, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев «Ғылым мен білім саласының маңызды аспектілері» тақырыбында баяндама оқыса, профессор, тарих ғылымдарының докторы Тастанбек Сатбай «Президент жолдауы – Әділетті Қазақстан құрудағы маңызды қадам» бойынша өз ойын ортаға салды.

«Инжинирингтік технологиялар» білім беру бағдарламасының профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Нұрбол Аппазов «Қазақстанның энергетикалық қажеттіліктері: АЭС-тің өзектілігі» тақырыбында баяндама жасады:

    – «Көмірге келетін болсақ, ол табиғи сорбент, яғни, радиоактивті элементті бойына сіңіріп алып, ол өртенген кезде атом электр станциясына қарағанда әлде қайда жоғары деңгейде қоршаған ортаны ластап жатады. Сол себепті оң шешім қабылданса, атом электр стансасы біздің энергетикалық қауіпсіздігімізді және тәуелсіздігімізді қамтамасыз етеді деп есептеймін», – деді Нұрбол Орынбасарұлы.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.
Ел үшін маңызы жоғары Президент Жолдауын жалынды жастар да бірауыздан қолдады. Шара барысында олар өз ойларын ортаға салып, білім беру мәселелері, жастарға патриоттық тәрбие беру ісі туралы да пікір алмасты.

Жолдау – жұрт болып жұмылуға, ұлт болып ұйысуға үндейді. Мемлекет басшысының Жолдауы елдегі шешілмей жатқан күрмеуі көп мәселелерді шешуге бағытталған. Осы орайда университет басшысы ұжымды Жолдауды іске асыруда белсенділік танытуға шақырды.
03 қыркүйек 2024 ж. 92 0