Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Егемендіктің бастауы – Республика күні

Егемендіктің бастауы – Республика күні

Республика күні – тәуелсіз Қазақстанның тарихи кезеңдерін еске салып, елдің даму жолындағы жетістіктерін дәріптейтін айрықша мереке. Бұл күн бізге мемлекеттің мәні мен маңыздылығын, тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығын және бірліктің күшін тағы бір мәрте еске салады.
Әрбір қазақстандық үшін бұл мереке – ұлттың өзіндік болмысын, біртұтастығын және егемендікке жету жолындағы қайсар күресін айшықтайды. Маңызды мереке қарсаңында біздің өңірде де түрлі іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов мәлімдеді.
– Республика күні — тәуелсіздіктің асқақ символы. Бұл мереке халықтың елдікті сақтау және әділетті Қазақстанды құру жолындағы ынтымақтастыққа деген ұмтылысын көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болу керек», – деген болатын. Бүгінде татулықты ту еткен халқымыздың бағындырған белестері, алған асулары аз емес. Жалпы, аймақта Республика күніне байланысты мерекелік іс-шаралар 18 қазаннан бастау алды. 21-26 қазан аралығында қайырымдылық ұйымдар мен ерікті азаматтар арқылы әлеуметтік осал топтағы тұрғындарды қолдау мақсатында «Жанашыр жүрек» атауымен жаппай қайырымдылық акциясы өткізілуде. 23 қазанда Халық әртісі С.Майқанованың 110 жылдығына арналған «Театр…Өмір…Сахна…» атты салтанатты кеш пен ауыл спортшылары арасында «Алтын күз – 2024» облыстық 37-ші спартикадасы болады. Ал, 24 қазаннан бастап «Қыран елім – Қазақстаным!» акциясы аясында мемлекеттік әнұранды жаппай орындау, көпқабаты үйлердің балкондарында мемлекеттік туды орналастыру бойынша флэш-мобтар, «Отан туралы» шығармаларды орындау челлендждері ұйымдастырылады. Ұлттық мейрам аясында өтетін негізгі шара 24 қазан күні облыс әкімінің қатысуымен өтеді. Салтанатты кеште еліміз бен облысымыздың дамуына сүбелі үлес қосқан жерлестеріміз марапатталады. Сондай-ақ, 25 қазанда облысымыздың барлық аудандары мен Қызылорда қаласында мемлекеттік рәміздер аллеясында «Қыран елім – Қазақстаным!» атты Мемлекеттік туды салтанатты көтеру шарасы өткізіледі, – деді Шахмардан Асқарұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
23 қазан 2024 ж. 132 0