Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстық мәслихаттың XVІІI сессиясы өтті

Облыстық мәслихаттың XVІІI сессиясы өтті

Кеше облыстық мәслихаттың XVІІI сессиясы өтіп, күн тәртібінде облыстық бюджетті нақтылау бағытындағы 15 мәселе қаралды. Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, алдағы жоспарларға, өткен аптадағы жұмыс сапарының қорытындыларына тоқталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында бүгінде облысымыздың даму қарқыны жоғары.
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіш бойынша республикада бірінші орындамыз. Өткен 11 айдың қорытындысымен өнеркәсіп өндірісі 0,8, өңдеу өнеркәсібі 20,6, ауыл шаруашылығы 3, тұрғын үй 15,3, көлік 3,3, сауда 6,5, құрылыс жұмыстарының көлемі 57,5 пайызға артты. Негізгі капиталға 559 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 20,6 пайызды құрады.
Айта кету қажет, біз аймаққа шетел инвестицияларын, озық технологияларды тарту жұмыстарын белсенді жүргізудеміз. Таяуда ғана өңірдің бизнес өкілдермен бірге Италия, Испания, Түркия елдеріне барып келдік. Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінің қолдауымен аталған мемлекеттерде өзара тәжірибе алмасулар, маңызды кездесулер өткіздік. Өнеркәсіп қауымдастығының жұмысымен, биохимиялық ерітінділер, медициналық реагенттер, санфаянс пен санитарлық-техникалық бұйымдар, гидрооқшауланған бетон, ауыл, орман шаруашылығына қажет озық датчиктерді шығаратын, тері, жүн өңдейтін өндіріс орындарымен танысып, келіссөздер жүргіздік. Инвестиция тарту жұмыстарын одан әрі жалғастырамыз,» – деді Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, биыл 189 449 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, егін мерзімінде толық жиналды. Негізгі дақыл күріш 85 600 гектарға егіліп, әр гектардан 58 центнерден өнім алынды. Жарты миллион тонна күріш қамбаға құйылды.
Халықтың әл-ауқатын көтеру, өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым жүргізу бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтуда 2022 жылдан бері 16 млрд 800 млн теңгенің 55 жобасы жүзеге асырылды. Нәтижесінде халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 98,6 пайызға жетті. Биыл 13 жаңа жобаға 5 млрд. 300 млн. теңге бөлінді. Алдағы жылы облыс аумағындағы барлық елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.
Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында 11 млрд. теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар толық жүзеге асқанда электр желілерінің тозу деңгейі 62 пайызға төмендейді.
Президенттің тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 мегаватт жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Бүгінде инвестор «Акса Энерджи» түрік компаниясы құрылысқа 127 млрд. теңгеден астам инвестиция салды. Жаңа жылу-электр станциясы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған ең ауқымды, теңдесіз жобалардың бірі. Аймақ үшін айрықша маңызға ие нысан келер жылы ел игілігіне табысталады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда облысында құны 800 млрд.теңгені құрайтын, қуаттылығы 1100 МВт-тық бу-газ қондырғыларының құрылысы жоспарлануда. «Самұрық Энерго» компаниясы Катар инвесторымен келіссөз жүргізіп, техника-экономикалық негіздеме әзірленуде.Жаңа бу-газ қондырғылары Қызылорда қаласынан Ұлытау облысына шығаберіс аумаққа салынады. Бұл жұмыстарға әкімдік 280 гектар жер телімін бөлді. Станцияны 2029 жылы толығымен іске қосу жоспарланған.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
10 желтоқсан 2024 ж. 43 0