Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірде оң серпін орын алған

Өңірде оң серпін орын алған

Kyzylorda-news.kz ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысымен танысты.

Жоба аясында Сыр өңірінде 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы басталып, бүгінде 5-уі оқушылар мен ұстаздардың игілігіне табысталды. Биыл тағы 5 «Жайлы мектептің» құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі.

«Жайлы мектептерде» бастауыш және жоғары сыныптар бөлек блоктарда оқиды. Мобильді трансформер парталармен, әмбебап акт залымен, қауіпсіздік жүйесі, оқу-зертханалық құрылғылар және жаңа модификациялық кабинеттермен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, өткен жылы аймақта 6 мектеп, 5 мектепке қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Осылайша Арал ауданы Тоқабай ауылындағы №248, Шиелі кентіндегі №252 және Жансейіт ауылындағы №133 апатты мектептердің мәселесі шешілді.

«ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі 350 орындық «Оқушылар сарайы», Жаңақорған ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» табысталды. Жыл ішінде Шиелі ауданында да 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» жұмысын бастайды.

Облыс орталығындағы «Шығармашылық академиясы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты мамыр айында, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы наурыз айында аяқталмақ.

Биыл «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Арал ауданының «Жалаңаш» ауылынан 150 орындық мектеп салынады. Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Мемлекет басшысының 1 300 мектепті жаңғырту тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жыл ішінде облыстағы 51 мектеп, оның 9-ы биыл күрделі жөндеуден өтеді.

Сонымен қатыр облыста жаңа стадионның құрылысы басталды. Өңір халқының сұранысына сай салынып жатқан жаңа стадион бокс, күрес, ауыр атлетика, футболшылардың жаттығу залдарымен, йога, гимнастика-акробатика, сауықтыру-денешынықтыру залдарымен қамтылатын болады. Стадионның тағы бір ерекшелігі – УЕФА классификациясы бойынша ІІІ санатты. 11 мың орынға арналған, халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Бүгінде шығыс және батыс трибуналарының металл конструкцияларын монтаждау 100% аяқталып, қабырғалар мен ішкі бөлімдері, сыртқы витраждары қалануда. Сыртқы инженерлік желілер жеткізілген. Жылу, су құбырлары, электр, желдеткіштің ішкі желілері орнатылуда. Наурыз айында ғимараттың сыртқы қабырғалары, ішкі инженерлік желілері аяқталып, футбол алаңын монтаждау және абаттандыру жұмыстары басталады. Нысан мамыр айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылы қазан айында Қызылорда қаласында «Үстел теннисі орталығы» іске қосылғанын, жақын күндері көпбейінді «Қызылорда Арена» және дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталатынын айтты.

Мұнан бөлек, Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал, Жаңажол, Ақай, Арал ауданының Жақсықылыш, Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылдарында, Жалағаш кентінде жаңа спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 6, облыстық бюджет есебінен 2, «Қазақстан халқына» қоры арқылы 2 спорт нысаны салынуда.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жаңа автовокзалдың жұмысымен таныстырды. Өткен жылы Қызылорда қаласының сол жағалауынан заманауи үлгідегі 200 орындық автовокзал пайдалануға берілген еді. Жаңа ғимарат жолаушыларға қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалған. Бүгінде автовокзалда облыс аудандарына, басқа өңірлерге қатынайтын маршруттарға, сондай-ақ, транзиттік бағыттағы автобустарға қызмет көрсетіледі. Жолаушылар автовокзалдан 38 маршрут бойынша сапарға шыға алады.

Ал қала аумағында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүйелі жүргізіліп келеді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде соңғы 3 жылда құрылыс жұмыстарының көлемі артқанын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өсім 153,8%. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі артып, рекордтық деңгейге, 866,8 мың шаршы метрге жетті. 2022-2023 жылдары 4000-ға жуық пәтер пайдалануға берілсе, былтыр 2500-ден астам баспана кілті табысталды.
Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй сатып алуда облыс 1948 пәтер көрсеткішімен республикада 2-ші орынға шықты.

Айта кетейік, өңірде құрылыс жұмыстары республикалық орта көрсеткіштен 41 пайызға жоғары. Аймақта жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Өткен жылы 69 жаңа ғимарат салынды, оның 25-і білім, 16-сы денсаулық сақтау, 11-і мәдениет, 17-сі спорт саласына тиесілі

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 21 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде 5 білім ордасы пайдалануға берілді, 5 мектеп жаңа оқу жылына дейін табысталады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысан салынды.
Облыстың барлық ауылындағы денсаулық сақтау мекемелеріне 245 жаңа санитарлық көлік алынып, жедел жәрдем мәселесі толық шешілді. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға 4,8 млрд. теңге қаржы бөлді. Оның арқасыда Арал, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды.

Мұнан бөлек, 1 млрд. 100 млн. теңгеге скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешендер алынып, бүгінде ауыл тұрғындарына үздіксіз медициналық қызмет көрсетуде. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 50 млрд. теңгеге жуық қаржыға облыс орталығы мен аудандарда жаңа ғимараттар, парктер, ойын алаңдары салынып, мемлекет теңгеріміне өтті.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
17 ақпан 2025 ж. 59 0