Димаш Құдайберген Өзбекстандағы тыңдармандарын таңғалдырды

Видеодан Димаш француздың SOS d'un terrien en detresse әнін орындап жатқаны көрінеді. Роликті әншінің өзбек тыңдармандары Instagram-дағы фан-парақшасында жариялады.
Айта кетейік, кеше мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ташкентте Димаш Құдайбергенмен бірге түскен суретін әлеуметтік желіде жариялады.
"Достарым, еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған мемлекеттік делегация құрамында Ташкент қаласына келдім. Екі ел басшылары Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу салтанатына қатысады.Суретте репетиция сәті бейнеленген", - деп жазды Мұхамедиұлы Facebook-тегі парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, Димаш өзбек астанасына 14 сәуір күні келді. Әншіні Ташкент әуежайынан бір топ адам қарсы алды. Жексенбі күні Ташкентке президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен барды. Сапар аясында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылмақ. Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысады.
sputniknews.kz