Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін – атом саласы қызметкерлерінің күні

Бүгін – атом саласы қызметкерлерінің күні

Бүгін елімізде атом саласы қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Бұл дата ресми түрде Президенттің 2008 жылғы 12 мамырдағы Жарлығымен бекітілген еді.
Атом саласы қызметкерлері күнінің 28 қыркүйекке белгіленуі кездейсоқ емес. Өйткені, 1942 жылы нақ осы күні КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитеті «Уран бойынша жұмыстарды ұйымдастыру туралы» жарлық шығарды және Ғылым академиясы жанында арнайы атом ядросы зертханасын құруды мақұлдаған болатын.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес өткізіп, онда атом саласын дамыту мәселесі талқыланды. Іс-шара барысында Президент атом энергиясы еліміз үшін өте маңызды, қажетті қуат көзі екенін айтып, отандық уранның АҚШ, Франция сынды елдердің АЭС-терінде қолданылатынына тоқталды. 
Дүние жүзінде 416 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Мысалы, АҚШ-та 94 ядролық реактор бар, бірақ өзінің уран өндірісі аз, сондықтан америкалық нарықтың 24 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Францияға қатысты жағдай да сондай іспетті, 50-ден астам ядролық реакторға Қазақстанда өндірілген уран қолданылады. Қазір 31 мемлекетте ядролық энергия өндіріледі. Бұл – әлемдегі әрбір алтыншы ел бейбіт атомның игілігін көріп отыр деген сөз. Тағы жиырмаға жуық мемлекет ядролық реактор салуды жоспарлап отыр. Біз осы салада озық технологиясы бар елдермен ынтымақтастыққа баса мән береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елімізде АЭС-ке қажетті уранды өндірумен айналысатын «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы осы жылдың бірінші жартыжылдығында 12 242 тонна уран өндірді. Ал компаниялар тобы бойынша сату көлемі 7 625 тоннаға жетті. Жалпы кіріс 660 млрд теңгеден асты. Операциялық пайда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға өсіп, 253 млрд теңге болды. Таза пайда 263 млрд теңге болды. Атом холдингінің республикалық бюджетке берген салық төлемдері 400 млрд теңгеден асып түсті.
Компания Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ресурстық базаны кеңейту және тиімді пайдалану бойынша да қарқынды жұмыс істеп жатыр. Қазатомөнеркәсіп Түркістан облысында болжамды қоры 20 мың тоннадан асатын уран кен орындарын барлауға тағы бір лицензия алды. Сондай-ақ, Шу-Сарысу уран провинциясындағы 3 перспективті учаскеде геологиялық барлау жұмысын бастады. Бұл жұмыстар тек «Қазатомөнеркәсіпке» тиесілі лицензиялар аясында жүргізіледі.
Компания халықаралық ынтымақтастықты дамытып, уран сату нарығын әртараптандыруға да көңіл бөледі. Биыл Швейцарияның Axpo және Чехияның ČEZ компанияларымен уран жеткізу туралы келісімшарттарға қол қойды. JUMCO компаниясымен Иорданияда уран барлау және өндіру жобаларын бірлесіп іске асыру туралы, SEAS компаниясымен Словакия АЭС-теріне табиғи уран мен уран диоксидін жеткізу жөнінде меморандум жасасты. Сонымен қатар, Румыния Энергетика министрлігімен табиғи уран жеткізуді кеңейту және бериллий өнеркәсібін дамыту бойынша келісімге келді.
Биыл наурызда Президент Жарлығымен Атом энергиясы жөніндегі агенттік құрылды. Агенттік уран өндіру, атом энергиясын пайдалану, радиациялық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады. Сонымен қатар Семей ядролық қауіпсіздік аймағының дамуына жауапты. Күні кеше дәл осы агенттік бүгінгі атаулы күнге орай салтанатты жиын өткізіп, оның барысында ведомство басшысы Алмасадам Сәтқалиев атом саласының үздік қызметкерлерін марапаттады.
Атом саласы қазірдің өзінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында айрықша маңызға ие. Бізде атом өнеркәсібінің берік іргетасы қаланды, әлемдік деңгейдегі ғылыми әлеует бар. Ал ядролық энергетика енді ғана қалыптасып жатыр. Дәл осы қадам еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, орнықты дамудың ұзақмерзімді мақсаттарына қол жеткізуге жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді агенттік төрағасы.

Фото: Коллаж: Kazinform/Canva
28 қыркүйек 2025 ж. 173 0