Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ШАШ ЖАЮ қандай КЕСАПАТҚА ұрындыратынын білесіз бе?

ШАШ ЖАЮ қандай КЕСАПАТҚА ұрындыратынын білесіз бе?

Жаныңызда жүрген жігіттер де сіздің шашыңызды жайып жүргеніңізді қош көрмейді. Шашты жайып жүруге болмайтынын бәріміз жақсы білеміз, сонда да жаямыз. Неге? Бір ғана себебі бар, ол - сән. Жайылған шаш ажарын ашып, өзін әдемі етіп көрсетеді. Бұл - бүгінгі қаракөздеріміздің түсінігі. Бірақ шашын жайып жүрген қыздарды көрген апаларымыз суық қарайды. Жарайды. Олар көненің көзі. Ескінің адамы. Бірақ жаныңызда жүрген жігіттер де сіздің шашыңызды жайып жүргеніңізді қош көрмейді. Өйткені шашын жайған қыздың тәрбиесінде ақсақтық бар екенін ұғынады. Ешқашан, ешкімнің әкесі қызының шаш жайып жүруіне рұқсатын бермейді. Бірақ қарсылыққа қарамай, тәртіпке бағынбайтындардан бойын аулақ ұстайтын жігіттер тап сіздің жаныңызда жүр. Осындай жағымсыз көрініске сіз де, біз де күнде куә болып жүрміз. Бірақ бүгінгі қоғамдық көліктегі мына оқиға маған ой салды. Маған ғана емес, сондағы біраз қыздарымыздың санасына сіңсе деген үміт бар.
...Таңғы 8-де қоғамдық көліктің ішінің қаншалықты «кең» екенін қоғамдық көлікпен жүретінде жақсы біледі. Орындықта отырған апай жанындағы қызға бір емес, бірнеше рет ескертті. Аяғы денесін көтере алмай ма, әлде басын олай-бұлай бұрсам көрікті көрінем дей ме, әйтеуір тыныш тұра алмады. Баратын жеріне дейін естімеген әңгімесі қалмады. Артында тұрған ағай да: «Басыңды бұра бермеші, қарағым! Аузыма шашың толып қалды ғой» деп ескертті. Бұған бақырайып қараған қыздың жанарынан жасқануды көрмедім. Сонда әлгі апай қыздардың шаштарын жайып жүруі жаман ырым екенін, жамандық тілеп жүргенін, отбасына қасірет әкелетінін айтып салды. Бұған да пысқырып жатқан бойжеткендер жоқ. Әңгіме үлкендердің ақылымен, кеңестерімен ары қарай өрбіді. Шаш жайған сұлуымыз аялдамадан түсіп қалса да, апаларым тоқтаған жоқ. «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда» дегені болу керек. Өйткені бұл көлікте ұзын болмаса да қысқа шаштарын жіберіп алғандар отыр. «Өзім 6 бірдей қыз өсіріп отырмын Аллаға шүкір» деді бір кезде бейтаныс әжей.
— Қазір қыздарым немере сүйіп, өсіп-өнді. Шашын үнемі өріп жүретінмін. Әсіресе, ас үйге келіндер тұрмақ, қыздарды да орамалсыз аттатпаймын. Үйімдегі кілемнен бір тал қыл таппайсың, кейбіреулердің нанының арасында шұбатылып шаштары жүреді. Кәні, кім жоққа шығара алады екен? Сөздері өздерінен аса алмайтын апалар көбейді. Айтарға ақылы, үлгі болар тұрқы жоқ. 60-тағы апа да, 6-дағы қыз да шаштарын бояп, жарысып жаятынды шығарды. Бұрынғы қыздарымыз тұнып тұрған тазалықтың үлгісі еді, шіркін-ай. Біле білсеңдер, шаш жамандықты да, жақсылықты да шақыра алады. Ұзын шашты екі бұрым етіп өріп қойса не болады екен? Екі бұрымның беретін мағынасы тереңде. Мұны түсінер түйсік болса ше? Екіге жарылған ұзын бұрым қыздың адал жар және аяулы ана екенін білдіреді. Шашта не деген тылмыс күш бар. Сіздің бойыңыз шаштан қуат алады, нәрленеді, тәніңіз бен жаныңызға сұлулық сыйлайды. Рухани күшке кенелтеді. Шашқа ең құнды, ең бағалы зат ретінде қарау керек. Шашта сіздің бар құпияңыз жасырылады. Оны жаныңызға жақын жандармен ғана бөлісу керек.

Шашы ұзынның пайым-парасаты, сана-сезімі артады. Ұзын шаш – нәзіктіктің, сұлулықтың нышаны. Шаш – сіздің саулығыңыздан дерек береді. Сыртқы қолайсыздықтардан сақтанған шаш әдемі, қайратты, жылтыр болып өседі. Мен бәріңе орамал байла деуден аулақпын. Бірақ ұзын шашты сәнді етіп өруге, жинақы етіп түюге болады ғой. Көңілдеріңе тимесін, шашты күйеуі өлген әйел жаяды. Шашын жайып жоқтау айтады. Шаш жаюдың мәні – арымнан, абыройымнан айырылдым. Қосағымды ажалдан арашалап ала алмадым деп қайғырады. Шашын жайған қыздан ешкім жинақылықты, тәрбиені көрмейді. Оларға жеңілтек, салақ деген атақ беріледі. Сондықтан да шаштарыңды жаймай-ақ сұлу болуға, әсем көрінуге болатынын біле жүріңдер, деп аяқтады әңгімесін бейтаныс апай. Бір сәтке шашы жайылған қыз бен шашы жиналған қызды көз алдыңызға елестетіңізші. Қайсысы сұлулықтың символы болып көрінді. Өзіңіз баға беріңіз...
ernur.kz

24 сәуір 2019 ж. 1 747 0