Аймақта экономикалық белсенділік артты
Биыл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалады. Ендеше сандарды сөйлетіп көрсек. Аймақтың өңдеу өнеркәсібі 6,4%-ға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,3%-ға, негізгі капиталға салынған инвестициялар 10,6%-ға артты. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының көлемі 21,8%-ға өссе, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 8,4%-ға, сауда көлемі 7%-ға ұлғайған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Ұлттық статистика Бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Қайрат Әбсұлтанов айтты.– Аймақтың құрылыс саласында қарқынды жұмыстар бар. Бір жыл ішінде атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 21,8%-ға өсті. Ал тұрғын үй құрылысы аясында 3973 тұрғын ғимараты пайдалануға беріліп, жалпы алаңы 939 мың шаршы метрден асты. Аграрлық салаға да тоқталып өтсем. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 1,3%-ға өсті. Өткен жылы облыс бойынша 186,6 мың гектар жерге егін егілді, оның негізгі бөлігі – күріш. Мал басы да көбейіп келеді: жылқы 6,8%-ға, түйе 4,9%-ға, ірі қара мал 1,5%-ға артқан. Ет өндіру 7,5%-ға, сүт 3,0%-ға, жұмыртқа 7,1%-ға көбейген. Демографиялық ахуал да тұрақты. 2025 жылы облыста 16 641 сәби дүниеге келген. Аймақ 1000 тұрғынға шаққандағы туу көрсеткіші бойынша республикада тұрақты түрде төртінші орында тұр. Орта есеппен тәулігіне 40-45 сәби өмірге келсе, ай сайын 1300-1400 бала тіркеледі. Бұл халық санының табиғи өсімі сақталып отырғанын көрсетеді. Кәсіпкерлік саласында да өсім бар. 2026 жылдың 1 қаңтарына облыста 11 551 заңды тұлға тіркеліп, оның 10 354-і нақты жұмыс істеп тұр. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 68 152 бірлікке жетіп, белсенді жұмыс істеп тұрғандары 65 698-ді құрады. Жалпы алғанда, өңірде өндіріс, инвестиция, құрылыс пен кәсіпкерлік қатар дамып, халық саны мен еңбек нарығында тұрақтылық сақталып отыр,- деді Қайрат Байғабылұлы.
Өңірлік коммуникациялар қызметі










