Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сириядан 231 отандасымыз елге жеткізілді

Сириядан 231 отандасымыз елге жеткізілді

Аталған операция Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан. Соғыс өрті өршіп тұрған аймақтан 231 қазақстандық елге қайтарылған. Оның 156-сы балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і жетім қалған жеткіншектер екен. Бұл ауқымды гуманитарлық акция Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген «Жусан» операциясының жалғасы болды. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар елімізге қайтарылған азаматтармен оңалту шараларын жүргізді. Оларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазірдің өзінде аталған жұмыстың оң нәтиже беріп отырғанын байқауға болады. Биыл қаңтар айында елге оралған әйелдер бұрынғы радикалдық өмірінен бас тартып, жұмысқа орналасқан. Туыстарымен қайта байланыс орнатыпты. Балалары мектепке, балабақшаға барды. Сирияға аттанған отандастарымыз шын мәнінде террористердің теріс насихатына шырмалған. Бүгінде олар жаңа өмір бастау үшін өз еркімен Қазақстанға оралуда. Олардың жасаған қателігі үшін балалары өзге елде қиналып, зардап шекпеуі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан терроризммен күрес жүргізу, сондай-ақ қиын жағдайда қалған азаматтарына қол ұшын созу міндеттемелерінен бас тартпайтынын айтты. «Гуманитарлық акция жалғаса береді. Өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бейжай қарамаймыз», – деді Мемлекет басшысы.
https://24.kz/kz/
10 мамыр 2019 ж. 921 0