«ТЕҢІЗДЕН СОҚҚАН ЖЕЛ»: Ш.САРИЕВКЕ – 80 ЖЫЛ
Бүгін қасиетті Арал топырағында туып, қазақ поэзиясының қайталанбас тұлғасына айналған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың және «Платиналы Тарлан» сыйлығының, «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты, ғалым, «Парасат» және І дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына орай аудандық мәдениет үйінде «Теңізден соққан жел» атты шығармашылық кеш өтті.Дара тұлғаның шығармашылығына арналған рухани шаралар кеше ақынның туып-өскен Қамыстыбас елді-мекенінде бастау алып, тағылымы мол рухани кешке ақынның жары Жұмагүл Сариева арнайы қатысқан болатын. Туған жеріндегі №21 орта мектепте «Ұлы дала – шөл даланың ұлымын» атты әдеби-сазды шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Шөмішбай мұрасы – руханият шамшырағы» атты сыр-сұхбат кеші өтті.
Бүгінгі шығармашылық кешке арнайы қатысқан аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қазақ руханиятының көрнекті өкілі, жыр әлемінің жарық жұлдызы жайлы, оның шығармашылығы мен өмір жолына жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар бүгінгі кештің басты қонағы – ақынның жары Жұмагүл апайға ерекше құрмет көрсетті.
Иә... Көпшілік білер, білмес, Шөмішбай Сариевтің алғашқы еңбек жолы «Толқын» газетінде басталған. Фототілшіліктен бастау алған шығармашылық жол кейін қазақ сөз өнерінің биік шыңына ұласты. Бойындағы сан-қырлы талантымен елдің сүйікті перзентіне айналды. Кеште ақын өмірбаянынан сахналық қойылым жасалды.
Ал поэзиялық бөлімде өнерпаздар тарапынан ақын өлеңдері оқылып, көрермен толы залда махаббатқа толы лирикалық сарын есті. Осылайша ақын өлеңдері дәріптеліп, тыңдарманның көңіл сарайын шаттандырды.
Кеш соңында ақынның жары Жұмагүл Қаженқызы ақын өмірінен естелік сыр шертіп, халықтың ерке ұлына айналған аяулы перзентін туған жері ұлықтап жатқанына ризашылығын ерекше тебіреніспен жеткізді. Шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға аналық алғысын білдірді.
Осылайша қазақ ғылымына тыңнан түрен салған, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығы туған жерінде жоғары деңгейде аталып өтілді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі














