Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада шомылу маусымындағы қауіпсіздік басты назарда

Қызылордада шомылу маусымындағы қауіпсіздік басты назарда

Қызылорда облысында шомылу маусымы кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытында рейдтік, профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылуда.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Жандос Досымов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, өңірдегі су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда. Әсіресе жаз мезгілінде тұрғындардың өзен-көлдерге жиі баруына байланысты қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды.

- Су айдындарындағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру - басты міндеттеріміздің бірі. Осы бағытта департамент қызметкерлері полиция, жергілікті атқарушы органдар, еріктілер, үкіметтік емес ұйымдар, блогерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірлесіп жыл бойы профилактикалық және рейдтік жұмыстар жүргізуде. Жыл басынан бері облыс аумағында 410 рейд ұйымдастырылып, 14 мыңнан астам тұрғынға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Оның ішінде 7 мыңнан астамы - жасөспірімдер. Профилактикалық жұмыстарға 210 ерікті тартылды. Сонымен қатар, суға түсуге тыйым салынған 63 қауіпті аумаққа 398 ескерту тақтайшасы орнатылды. Білім беру ұйымдарында 38 мыңнан астам оқушыны қамтыған 238 интерактивті және ашық сабақ өткізіліп, судағы қауіпсіздік қағидалары мен төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібі түсіндірілді, - деді Жандос Ерланұлы.

Спикер судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасатынын атап өтті. Құтқарушылар тұрғындарды тек рұқсат етілген орындарда шомылуға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Өңірлік Коммуникациялар қызметі 
18 маусым 2026 ж. 40 0