Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагер журналист Жағыппар Қарабала жоғары мемлекеттік наградаға ие болды

Ардагер журналист Жағыппар Қарабала жоғары мемлекеттік наградаға ие болды

Фото: Ақорда
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Ақордада өткен салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат саласының бірқатар өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Президент өз сөзінде журналистердің қоғамдағы маңызды рөлін атап өтіп, олардың мемлекеттік саясатты түсіндіру мен халық пен билік арасындағы сенімді нығайтудағы еңбегіне жоғары баға берді.
Мерейлі жиында Сыр өңірінің белгілі тележурналисі, «Qyzylorda» телеарнасының ардагері Жағыппар Аманжолұлы Қарабала «Парасат» орденімен наградталды. Бұған дейін ол «Құрмет» орденінің иегері атанған болатын.
Жағыппар Аманжолұлының еңбек жолы журналистикаға адалдықтың, кәсіби шеберліктің және туған өлкеге деген жанашырлықтың жарқын үлгісі саналады. Ол өңірлік телевизияның дамуына елеулі үлес қосып, аймақтың тыныс-тіршілігін, маңызды жаңалықтары мен өзекті мәселелерін көрерменге жедел әрі шынайы жеткізіп келеді.
Көп жылдық тәжірибесі мен талапшылдығының арқасында жас журналистердің қалыптасуына ықпал етіп, Сыр өңірінде телевизия саласының кәсіби мектебін қалыптастырды. Бүгінде сол мектептен шыққан көптеген мамандар ақпарат кеңістігінде табысты еңбек етуде.
Кәсіби мереке қарсаңында жоғары марапатқа ие болған ардақты жерлесімізді шын жүректен құттықтаймыз. Деніне саулық, отбасына амандық, ұзақ ғұмыр және шығармашылық табыс тілейміз.

syrboyi.kz
25 маусым 2026 ж. 40 0