Қызылорда облысындағы үш тарихи вокзал жаңғыртудан кейін қайта ашылды
Фото: Көлік министрлігіҚызылорда облысындағы Қазалы, Жаңақорған және Шиелі теміржол вокзалдары күрделі жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді, деп хабарлайды Көлік министрлігі.
Қайта жаңғырту жұмыстары аясында тарихи вокзал ғимараттары заманауи талаптарға сай жаңартылып, жолаушыларға қолайлы инфрақұрылыммен жабдықталды.
– 1903 жылы салынған Қазалы вокзалы толық жаңғыртылып, заманауи инфрақұрылымға ие болды. Ғимараттың жалпы ауданы 1 мың шаршы метрден асты. Станция арқылы тәулігіне 24 жолаушылар пойызы қатынайды, – делінген ведомство ақпаратында.
1976 жылы салынған Жаңақорған вокзалы да толықтай жаңартылды. Үш қабатты ғимараттың ауданы 922,3 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Бұл станция арқылы Астана, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Көкшетау, Маңғыстау облыстары, Орал, Түркістан, Петропавл қалалары, сондай-ақ Ресей мен Өзбекстан бағыттарына қатынайтын 30 пойыз жүреді.
– 1904 жылы пайдалануға берілген Шиелі станциясы да толық жаңғыртудан өтті. Ғимараттың ауданы 636,4 шаршы метрді құрайды. Станция арқылы Алматы, Астана, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары, Орал, Көкшетау, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан бағыттарына қатынайтын 26 жолаушылар пойызы өтеді, – деп мәлім етті министрлік.
syrboyi.kz










