Қамбашта "Суды үнемде – болашаққа сақта!" акциясы өтті
«КАЗСУШАР» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны қызметкерлерінің балаларына арналған Қамбаш тынығу лагерінде «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында «Суды үнемде – болашаққа сақта» тақырыбындағы онкүндік қорытындыланды.Табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, судың маңызын жас ұрпақтың санасына сіңіру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шаралар кешеніне 150 бала қатысты.
Онкүндік аясында балалардың таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған түрлі танымдық, шығармашылық және спорттық шаралар ұйымдастырылып, су ресурстарын тиімді пайдалану мен табиғатты қорғау тақырыбында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Белсенділік танытқан балалар марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды.
Іс-шараға «КАЗСУШАР» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Қ. Құдайбергенов, «КАЗСУШАР» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы Н. Шамұратов, «Сыр суы» филиалының директоры Е. Әмиша, Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Р. Көптілеуқызы, сондай-ақ Арал және Қазалы аудандары әкімдерінің орынбасарлары қатысып, балаларды табиғатты қорғауға, суды үнемдеп пайдалануға шақырып, акцияның маңыздылығына тоқталды.
«Мөлдір бұлақ» акциясы аясында ұйымдастырылған мұндай тағылымды шаралар өскелең ұрпақтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, тіршілік нәрін ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қоса бермек.












