«Парктер шеруі – 2026» республикалық табиғат қорғау акциясы қорытындыланды
5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Арал аудандық Оқушылар үйінде Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы ұйымдастырған «Парктер шеруі – 2026» республикалық табиғат қорғау акциясының жабылу салтанаты өтті.Салтанатты іс-шараны Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының директоры Х. Қаниев пен Арал аудандық Оқушылар үйінің директоры Г. Садықбаева ашты. Шара барысында акцияның қорытындылары шығарылып, табиғат қорғау және экологиялық ағарту бағытындағы жұмыстарға белсенді қатысқан оқушылар, педагогтер, серіктес ұйымдар мен қоғам белсенділері марапатталды.«Парктер шеруі» акциясының негізгі мақсаты – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтау мәселелеріне қоғам назарын аудару, биоалуантүрлілікті қорғауды насихаттау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Биылғы жылы «Парктер шеруі – 2026» және «Таза Қазақстан» экологиялық акциялары аясында Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы ауқымды табиғат қорғау және экологиялық ағарту жұмыстарын жүзеге асырды.
Акция барысында Арал және Қазалы аудандарының білім беру ұйымдарында, Қызылорда қаласында, сондай-ақ Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында экологиялық сабақтар, танымдық кездесулер, байқаулар, викториналар және түрлі тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылды. Оларға оқушылар, студенттер, педагогтер және қоғам өкілдері белсенді қатысты.«Парктер шеруі – 2026» акциясының ерекшеліктерінің бірі – оның кең ауқымды қамтылуы болды. Түрлі өңірлерде өткізілген іс-шаралар арқылы табиғатты қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау идеялары кеңінен насихатталды. Жастармен және тұрғындармен өткізілген кездесулер экологиялық білім мен тәрбие берудің тиімді алаңына айналып, табиғатты қорғау бастамаларын қолдауға ықпал етті.
Іс-шаралар барысында биоалуантүрлілікті сақтау, қалдықтарды бөлек жинау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар Арал өңірінің бірегей табиғаты, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, сондай-ақ табиғатты сақтаудағы әрбір азаматтың рөлі туралы маңызды мәліметтер алды.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қорық қызметкерлері сенбіліктерге, аумақтарды санитарлық тазарту және абаттандыру жұмыстарына, сондай-ақ «Мөлдір бұлақ» акциясына белсенді қатысты. Білім беру ұйымдарымен, мемлекеттік мекемелермен және жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып, елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды. Табиғатты қорғау шараларының маңызды нәтижелерінің бірі – көгалдандыру жұмыстары болды. Қорық қызметкерлерінің, еріктілердің, жастар мен қоғам белсенділерінің бірлескен еңбегінің арқасында шамамен 1000 түп ағаш және бұта көшеттері отырғызылып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға нақты үлес қосылды.
Акцияның жабылу салтанаты күні Оқушылар үйінің жазғы тынығу лагерінің тәрбиеленушілеріне «Мемлекеттік инспектордың жұмысы» тақырыбында танымдық кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында қорықтың күзет қызметі, мемлекеттік инспекторлардың табиғи кешендерді қорғау, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді сақтау және табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы қызметі туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Акция қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар жастар мен қоғам өкілдерінің табиғатты қорғау мәселелеріне қызығушылығы жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. «Парктер шеруі – 2026» акциясы өз мәресіне жеткенімен, табиғатты қорғау, экологиялық ағарту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Табиғатты сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана еліміздің бірегей табиғи мұрасын келер ұрпаққа аман жеткізе аламыз.
Айсауле НҰРЛАНОВА










