Қазынашылық қызметі: Бюджет қаржысының ашықтығы мен тиімділігің кепілі
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік қазынашылық департаменті бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді игерілуін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Мемлекеттік мекемелердің қаржылық операцияларын сүйемелдеу, бюджет кірістерін есепке алу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын тіркеу және қаржы құжаттарының сапасын бақылау департамент қызметінің негізгі басымдықтарының бірі. Осы мақсатта «Қазынашылық-Клиент» ақпараттық жүйесі арқылы барлық төлем құжаттарына ағымдағы бақылау жүргізілді. Жыл басынан бері 303 мыңнан астам қаржылық құжат қабылданып, оның 295 мыңнан астамы өңделді. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік қазынашылық департаментінің басшысы Қалмұханбет Байсариевтің қатысуымен Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында белгілі болды. «Департамент өңірдегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының қаржылық сүйемелдеуін де тұрақты жүргізуде. 2017-2026 жылдар аралығында 62 жобаның келісімшарты тіркеліп, олардың төлемдері бойынша тоқсандық және жылдық есептіліктер уақытылы жүргізіліп келеді. Жартыжылдықта азаматтар мен заңды тұлғалардан түскен 22 өтініш заң талаптарына сәйкес мерзімінде қаралып, тиісті жауаптар берілді. Сондай-ақ, бюджеттік заңнаманы түсіндіру және қаржылық құжаттарды рәсімдеу сапасын арттыру мақсатында 74 оқу семинары, 3 дөңгелек үстел және 4 жеке түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарында 15 мақала жарияланып, қазынашылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге басымдық берілді», - деді департамент басшысы.
Құжат айналымын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Департаменттің барлық іс жүргізу құжаттары толықтай мемлекеттік тілде рәсімделіп, клиенттердің төлем құжаттарын қазақ тілінде толтыруына тұрақты әдістемелік қолдау көрсетілуде.
«Қазынашылық жүйесінің басты міндеті бюджет қаражатының мақсатты әрі заң талаптарына сәйкес жұмсалуын қамтамасыз ету. Ол үшін қаржылық құжаттардың сапасына тұрақты бақылау жүргізіліп, мемлекеттік мекемелерге әдістемелік қолдау көрсетілуде. Алдағы кезеңде цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, жасанды интеллект элементтерін енгізу, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыру және қаржылық тәртіпті одан әрі нығайту бағытындағы жұмыстар жалғасады», деді Қалмұханбет Сапарбекұлы.
Жылдың екінші жартысында департамент Мемлекет басшысының цифрлық трансформацияға қатысты тапсырмаларын орындауға, мемлекеттік сатып алу саласындағы жаңа талаптарды сапалы іске асыруға, рейтингтік көрсеткіштерді жақсартуға, қаржы құжаттарының уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейтуге және қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға басымдық береді.
Қаржы тәртібін күшейту, цифрландыруды жетілдіру және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы бұл жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етіп, бюджет қаражатының тиімді әрі ашық басқарылуына негіз болмақ.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі










