Энергетикалық дербестік – дамудың стратегиялық кепілі
«Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы еліміздің өңірлеріндегі жұмысын жалғастыруда. Бүгін Сыр өңіріне табан тіреген Құрылтайға үміткерлер Қызылорда қаласында жаңадан пайдалануға берілген заманауи бу-газ жылу электр орталығында энергетика саласының мамандарымен жүздесті. Кәсіпорын ауласында өткен ашық жүздесуге электр энергиясын өндіру, жылу, газ бен мұнай-газ саласының жүзден астам маманы, инженерлік-техникалық құрам мен сала ардагерлері қатысты.Басқосуда сөз алған саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов мемлекеттілікті нығайту мен инфрақұрылымды дамытудың аражігіне тоқталып, өңірлік энергетикалық нысандардың тұрақтылығы ел қауіпсіздігінің тікелей кепілі екенін атап өтті:
«Мемлекеттілікті нығайту мен инфрақұрылымды дамыту егіз ұғым. Өңірлік энергетикалық нысандардың тұрақты қызметі ел қауіпсіздігінің тікелей кепілі. Аймақтардағы стратегиялық өндіріс орындарына мемлекет тарапынан жүйелі түрде қолдау көрсетіліп, олардың еркін жұмыс істеуіне кедергі келтіретін әкімшілік бөгеттер толық жойылуы тиіс», - дейді.
Республикалық штаб мүшесі, Құрылтайға үміткер Мұрат Әбенов стратегиялық инфрақұрылымның және энергетика саласы қызметкерлерінің ел өміріндегі ерекше орнына тоқталды.
«Қызылордадағы бұл жаңа жылу электр орталығы аймақтар арасында алғашқы ауқымды инвестиция тарту мақсатында бой көтерген, өңірдің энергетикалық әлеуетін сапалы жаңа белеске көтерген бірегей жоба. Сайлауалды бағдарламамызда еліміздің энергетикалық дербестігін толық қамтамасыз ету және коммуналдық желілердің тозуын едәуір төмендету басты міндет ретінде қойылған. Стратегиялық нысандарда күні-түні еңбек етіп жүрген қызметкерлердің маңдай тері мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, қауіпсіз еңбек жағдайы, ресми келісімшарттар мен тұрақты жалақы толық қамтамасыз етіледі», - деді.
Өндіріс басында өткен ашық пікір алысу барысында жылу орталығының қызметкерлері мен сала мамандары кандидаттарға инфрақұрылымды жаңғырту, өндіріс қауіпсіздігі, саланы қолдау мен әлеуметтік кепілдіктер төңірегінде сауалдарын қойып ұсыныстарын білдірді.
Мәселен, генерациялаушы қуаттарды жаңарту және станцияның экономикалық тиімділігі жайында «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК директоры Бақытжан Молдиманов «Қолданыстағы генерациялаушы қуаттарды қалпына келтіру, электр мен жылу энергиясын өндіретін заманауи тиімді қондырғыларды орнату арқылы станцияның экономикалық тиімділігін арттыруды ұсынды.
Штаб өкілдері ұсыныстың өзектілігін, тозған станцияларды жөндеу электр энергиясының тапшылығын жойып қана қоймайды, экономикалық тұрғыдан да тиімді екенін айтты.
Алдағы уақытта партия тарапынан энергия үнемдеуге қатысты мекеменің кеңсе бөлімінің меңгерушісі Нарғыз Тайманованың сауалына Құрылтайға үміткер Ирина Тен жауап берді. Ол өз сөзінде «Әділет» партиясы заманауи энергия үнемдеу технологияларын енгізу арқылы 2035 жылға қарай экономикадағы энергия сыйымдылығын кемінде 15 пайызға азайтуды көздеп отырғандығын және ресурстарды ұтымды пайдалануға және азаматтардың коммуналдық шығындарын азайтуға бағытталған «Энергосауаттылық» ұлттық жобасы іске қосылатындығын жеткізді.
Жиын корытындысында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген энергетигі, «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК өндірістік бақылау бойынша басшысы Мұхиджан Кәрімбаев өсөз алып, өңірде осындай заманауи Жылу электр орталығының салынуына қолдау көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына және ел азаматтарына барша Сыр жұртшылығы атынан алғысын білдіріп, жаңадан құрылған «Әділет» партиясының бастамаларына сәттілік тілеп, қызылордалық энергетиктер бір ауыздан қолдайтынын жеткізді.













