Қаржылық тәртіпке бақылау күшейтілді
Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету бағытындағы бақылау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті 43 аудиторлық тексеру өткізіп, қаржылық бұзушылықтар анықталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында белгілі болды. "Жүргізілген аудит нәтижесінде жалпы сомасы 28 млрд 430 млн теңгені құрайтын қаржылық бұзушылықтар белгілі болды. Оның 27 млрд 595,9 млн теңгесі бюджетке өтеліп, қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында камералдық бақылау күшейтілді. Еңбек ақы төлеу және бюджет қаражатының қозғалысына қатысты тәуекелдерді анықтау үшін онлайн бюджеттік мониторинг құралдары да тиімді қолданылуда. Соның нәтижесінде артық аударылған 20 млн теңгеден астам қаражат бюджетке және тиісті мекемелерге қайтарылған", - деді Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Ербол Күзембаев.
Спикердің айтуынша, аудиттің басты мақсаты бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмей, олардың алдын алу және қаржылық тәртіпті күшейту.
«Бюджет қаражатының әр теңгесінің мақсатты жұмсалуына үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары мен жауапты мамандары заңнама талаптарын қатаң сақтап, қаржылық тәртіпті қамтамасыз етуге басымдық беруі тиіс», – деп атап өтті Ербол Қабаштайұлы.
Алдағы уақытта да ішкі мемлекеттік аудит органдары бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына, мемлекеттік сатып алу заңнамасының сақталуына тұрақты бақылау жүргізеді. Сонымен қатар жауапты мамандардың құқықтық және кәсіби білімін арттыру, бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.











