Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдың ауыл шаруашылығы: Өсім мен өрлеу

Аралдың ауыл шаруашылығы: Өсім мен өрлеу

Арал ауданында ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығы салалары экономиканың негізгі тіректерінің бірі ретінде тұрақты дамып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен еңбек адамдарының тынымсыз еңбегінің нәтижесінде өндіріс көлемі артып, мал шаруашылығы мен балық шаруашылығының көрсеткіштері жылдан-жылға жақсарып келеді.
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша ауданның ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 4,5 млрд теңгені құрады. Бұл саладағы өндірістің тұрақты өсімін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Аудандағы шаруашылық құрылымдарында төрт түлік саны да тұрақты өсіп келеді. Қазіргі таңда 58 393 бас мүйізді ірі қара, 93 811 бас уақ мал, 66 054 бас жылқы және 38 451 бас түйе тіркелген. Бұл көрсеткіштер 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда барлық түлік түрлері бойынша өсімнің қалыптасқанын аңғартады. Мал басының көбеюі аудан тұрғындарының атакәсіпке деген қызығушылығының артып, мал шаруашылығының экономикалық тиімділігінің жоғарылағанын көрсетеді.
Арал өңірі ежелден балық шаруашылығымен танылған өлке. Бүгінде бұл бағыт аудан экономикасының экспорттық әлеуетін қалыптастыратын маңызды салалардың біріне айналып отыр.
Арал ауданының аумағында балық шаруашылығын дамытуға қолайлы табиғи қорлар жеткілікті. Атап айтқанда, мұнда Кіші Арал теңізінің 18 кәсіпшілік учаскесі, Сырдария өзені және 17 көл орналасқан. Осы су айдындарында кәсіпшілік мақсатта балықтың бірнеше түрі ауланып, өңдеуге жіберіледі.
Қазіргі таңда ауданда жылдық өндірістік қуаттылығы 30 мың тоннаға жуық болатын 10 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорындар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып келеді.
Жыл басынан бері ауданда 3 621 тонна балық өңделіп, оның 1 728 тоннасы алыс және жақын шет мемлекеттерге экспортталды. Бұл – аудан кәсіпорындарының халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің айқын көрінісі.
Сапа талаптарына сай жұмыс жүргізудің нәтижесінде аудандағы екі кәсіпорын Еуропа мемлекеттеріне өнім экспорттауға мүмкіндік беретін «Еврокод» белгісіне ие болған. Бұл халықаралық стандарттарға сәйкестікті дәлелдеп, жергілікті өнімнің әлемдік нарықтағы беделін арттыра түсуде.
Сонымен қатар ауданда 15-ке жуық балықты сұрыптау, қатыру және сақтау цехтары үздіксіз жұмыс жасап келеді. Бұл өндіріс орындары балық өнімінің сапасын сақтап, экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Балық өнімдерінің экспорт көлемі де жылдан-жылға өсуде. Биылғы есепті кезеңде шет мемлекеттерге экспортталған өнім көлемі 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 89 тоннаға артып, 105,4 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш ауданның экспорттық әлеуетінің жылдан-жылға нығайып келе жатқанын көрсетеді.
Балық шаруашылығында тек табиғи су айдындарындағы кәсіпшілікпен ғана шектелмей, қолдан балық өсіру ісі де қарқынды дамуда. Қазіргі уақытта аудан бойынша 16 шаруашылық тауарлы балық өсірумен айналысады. Олар тоған шаруашылығы мен тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғылары арқылы балық өсіріп, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етумен қатар экспорт көлемін арттыруға да үлес қосуда.
Ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығының тұрақты дамуы – Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық өсімінің маңызды кепілі. Өндіріс көлемінің ұлғаюы, мал басының көбеюі, экспорттық әлеуеттің артуы және заманауи технологиялардың енгізілуі өңірдің даму қарқынын айқындай түсуде. Алдағы уақытта да осы салалардағы жүйелі жұмыстар жалғасып, аудан экономикасының өркендеуіне жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Н.Бақыран
09 тамыз 2026 ж. 69 0