Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа Заң – сервистік модельге және халық мүддесіне бағытталған қадам

Жаңа Заң – сервистік модельге және халық мүддесіне бағытталған қадам

Мемлекет Басшысы 2026 жылғы 19 мамырда қол қойған Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
Құжат Қазақстан Республикасының 2024–2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасыаясында әзірленіп, мемлекеттік қызмет моделін одан әрі жаңғыртуды көздейді. Жаңа заңның басты жаңалықтары мен негізгі өзгерістері туралы толығырақ білу үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Бақытжан Уәлиханұлы Нұралымен сұхбаттасқан едік.
Бақытжан Уәлиханұлы, аталған заңның қоғамға тигізетін ықпалы мен басты артықшылықтары қандай?
Ағымдағы жылдың 19 мамырында Мемлекет Басшысы қол қойған бұл құжатты тарихи заң деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, ол жаңа Конституцияға және қазіргі қоғамның сұранысына сай қабылданды.
Жаңа заңның ауқымы кеңейіп, бұрынғы 12 тарау, 69 баптың орнына енді 13 тарау мен 90 бап қарастырылған және көптеген ұғымдардың мазмұны тереңірек ашылған. Мысалы, 8-бап «Қазақстандық патриотизм» деп аталып, жеке бап ретінде бекітілді. Мұнда мемлекеттік қызметшінің ел мүддесіне адал болу қағидаты күшейтілген.
Жалпы, жаңа заң — халыққа, клиентке бағытталған сервистік модель. Бюрократияны азайту, азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелер жеке баптармен реттелген.
Заңда сайланатын лауазымды тұлғалардың, соның ішінде ауыл әкімдерінің мәртебесі қалай өзгерді?
Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, сайланатын лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметшілердің бөлек санатына (саяси және әкімшілік қызметшілермен қатар) жатқызылды.
Олардыңерекшеліктерінебайланысты:
  • Арнайы курстар бойынша оқыту тәртібі бекітіледі;
  • Олар ротациядан, уақытша басқа органға жіберуден және тәлімгерліктен босатылады;
  • Теріс қылықтары үшін қызметтен босату тек мәслихат шешімімен жүзеге асырылады.
Бұл арнайы мәртебе оларға жүктелген заңдық жауапкершілікті арттырып, сайлаушылардың сенімін ақтауға мүмкіндік береді.
Кадрларды іріктеу процесіне қандай инновациялар енгізілді?
Ең маңызды жаңашылдық — кадрларды іріктеуді «Е-қызмет» цифрлық жүйесі арқылы толық цифрлық форматқа көшіру. Бұл адами факторды барынша азайтып, конкурстардың ашықтығын қамтамасыз етеді және кез келген саланың білікті маманына мемлекеттік қызметке келуге жол ашады.
Жас мамандарды тарту және оларды даярлау бағытында қандай жаңа тетіктер бар?
Жастарды тарту мақсатында мемлекеттік қызметке кіруге даярлау институты енгізілді. Бұл мектеп қабырғасынан жоғары оқу орындарына дейінгі білім беру іс-шараларының кешенін қамтиды.
Сонымен қатар, ауылды дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Аудандар мен ауылдық округтердегі басшылық емес әкімшілік лауазымдарға жастар конкурссыз орналаса алады. Сондай-ақ, «Б» корпусының уақытша бос лауазымына азаматтарды конкурссыз 1 жылға дейін еңбек шартымен қабылдау мүмкіндігі берілді.
Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау және еңбекақы төлеу жүйесінде қандай өзгерістер бар?
Жаңа заңның 48-бабына сәйкес, еңбекақы төлеу атқаратын жұмыстың сипатына, көлеміне және нақты нәтижесіне байланысты белгіленеді. Бұл қызметшілерді сапалы жұмыс істеуге ынталандырады.
Әлеуметтік қолдау шаралары да күшейтілді:
Еңбек өтіліне байланысты қосымша демалыс: 10 жылдан жоғары өтілге — 3 күн, 15 жылға — 5 күн, 20 жылдан жоғары өтілге — 10 күнтізбелік күн қосымша ақылы демалыс беріледі.
Салауатты өмір салты үшін: Бұқаралық спортпен айналысуға қосымша 3 күн ақылы демалыс көзделген.
Отбасылық жағдайлар бойынша: Жақын туысы қайтыс болғанда, некеге тұрғанда, бала туғанда немесе асырап алғанда 10 күнге дейін ақылы демалыс (30 күн ішінде өтініш беру шартымен) қарастырылған.
Зейнетке шығу сыйақысы: 25 жыл өтілі және мемлекеттік немесе ведомстволық наградасы бар қызметшіге зейнетке шыққанда
4 лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді.
Ауысу және ротация жеңілдіктері: Басқа өңірге ауысқанда тұрғын үй төлемдері, жол және мүлік тасымалдау шығындары өтеледі, ал балалары балабақшаға кезектен тыс қабылданады.
Бақытжан Уәлиханұлы, мазмұнды әрі тұжырымды сұхбатыңызға үлкен рақмет!
13 тамыз 2026 ж. 108 0