Қызылордалықтар республикалық форумда марапатталды
Астанадағы Президент орталығында Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен Еңбек күніне арналған «Еңбек – ел мұраты» атты республикалық форум өтті.Еске салайық, елімізде Еңбек күні 2013 жылдан бері атаулы күндер қатарында.
Бұл форум түрлі салада ел игілігіне адал қызмет етіп, өнегелі ісімен көпке үлгі болып жүрген еңбек адамдарын кеңінен насихаттауға бағытталады.
Аталған шараға Сыр өңірінің делегациясы да қатысып, арнайы номинациялар бойынша марапаттарға ие болды.
Атап айтқанда, «Үздік еңбек әулеті» номинациясын қызылордалық Абдрахмановтар әулеті алды. Бұл әулеттің төрт буыны теміржол саласында еңбек етіп келеді, жалпы еңбек өтілі 318 жыл. Салаға сіңірген еңбек жоғары бағаланып, әр жылдары әулет мүшелері «Ленин», «Қызыл жұлдыз», «Еңбек даңқы» ордендеріне, түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болған.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Жарлығымен қырық жылдан астам «Жаңа жол» ЖШС механизаторы болып еңбек еткен Талғат Байымбетов, 31 жыл бойы «Шалқия Цинк ЛТД» ЖШС-ның тас қалаушысы Мырза Малкенов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі










