Астанада Astana Media Week апталығы басталды
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында оныншы Astana Media Week апталығы басталды. Мерейтойлық іс-шараға мемлекеттік органдардың, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының, технологиялық компаниялар мен медиа саласының өкілдері жиналды. Медиа апталық аясында медиа саласын дамыту, жасанды интеллектіні енгізу, отандық контентті ілгерілету және ақпаратқа деген сенімді арттыру мәселелері талқыланады.Іскерлік бағдарлама «MEDIA. HUMAN. AI: трансформацияның 10 жылы. Сенімнің жаңа архитектурасы» атты пленарлық отырыспен ашылды. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Euronews телеарнасының Әзербайжандағы бюро басшысы әрі өңірлік коммуникациялар жетекшісі Надира Тюдор, Smart Advanced Technologies & Innovation Inc. компаниясының бас директоры Нежат Унсал, Meta компаниясының Азия-Тынық мұхиты аймағындағы өнімдерге қатысты мемлекеттік саясат жөніндегі директоры Филип Чуа, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің міндетін атқарушы Эльвира Яушева және Q.AI компаниясының бас директоры Дмитрий Мун қатысты.
Отырыста соңғы он жылдағы медиа саласындағы өзгерістер, жасанды интеллектінің редакция жұмысына ықпалы, ақпараттың шынайылығы мен цифрлық дәуірде аудитория сенімін сақтау мәселелері қарастырылады.
Алдағы күндері мемлекеттік ақпараттық саясат, мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы байланыс, өңірлік редакцияларды қолдау, отандық контент пен жарнама нарығын дамыту мәселелері сөз болады. Сондай-ақ жасанды интеллектіні қолдану, ақпараттың шынайылығын тексеру және цифрлық медиаплатформаларды дамыту бойынша тәжірибелік сабақтар өтеді.
Айта кетейік, Astana Media Week 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт ішінде ол қазақстандық және шетелдік медиа мамандары бас қосып, кәсіби мәселелерді талқылайтын, тәжірибесін ортаға салатын маңызды алаңға айналды.
Мерейтойлық медиа апталық 16 қазанда Qazaqstan Media Awards марапаттау рәсімімен аяқталады. Салтанатты жиында «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының лауреаттары марапатталады.











