Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал қойнауындағы қазына: жаңа мүмкіндіктер көкжиегі

Арал қойнауындағы қазына: жаңа мүмкіндіктер көкжиегі

Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстары жаңа деңгейге көтеріліп, ел аумағындағы пайдалы қазбалар қорын анықтау бағытындағы зерттеулер кеңейіп келеді. Халықаралық стандарттарға сай жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде Арал бассейнінде мұнай мен газ қоры бар 20-дан астам әлеуетті алаң анықталды. Бұл жаңалық өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін арттырып, болашақта жаңа өндіріс орындарының ашылуына жол ашуы мүмкін.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаевтың мәліметінше, 2025 жылы іздеу жұмыстарына арналған 29 әлеуетті алаң белгіленген. Олардың қатарында алтын, мыс, қорғасын, мырыш және өзге де пайдалы қазбалар бар. Сонымен қатар геологиялық зерттеу ауқымын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Соңғы жылдары геологиялық зерттеулердің әдіс-тәсілдері де өзгерген. Бұрын 1:200 000 масштабында жүргізілген жұмыстар жалпы мәліметтер берумен шектелсе, қазір нақты әрі егжей-тегжейлі деректер алуға басымдық берілуде. Өткен жылы 100 мың шаршы шақырым аумақта заманауи технологияларды пайдалана отырып, кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілген.
Арал бассейніндегі зерттеулер де назар аударуға тұрарлық. Мамандар аумақтың геологиялық құрылымын нақтылап, мұнай мен газдың болжамды қорын бағалаған. Анықталған 20-дан астам перспективалы алаң бойынша Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдалану құқығын беру мақсатында, желтоқсан айында аукцион өткізуді жоспарлап отыр. Бұл алдағы уақытта өңірге инвестиция тартуға және жаңа жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік туғызуы ықтимал.
№262 мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары әрі физика мұғалімі Жанар Құрманәлиева бұл бастаманың өңірге инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететініне үміт білдіреді. Сонымен бірге табиғи ресурстарды игеру кезінде экологиялық мәселелерге ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.
– Арал өңірінің қойнауынан мұнай мен газ қоры бар жаңа алаңдардың анықталуы – аймақтың экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды жаңалық. Бұл бастама өңірге инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады деп сенеміз. Ең бастысы, табиғи байлықты игеру барысында Арал өңірінің экологиялық жағдайы назардан тыс қалмауы тиіс. Жер қойнауының байлығы ел игілігіне, өңірдің өркендеуіне қызмет етсін! – дейді Жанар Құрманәлиева.
Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі тек мұнай-газ өндірісінің дамуына ғана емес, аудан кәсіпкерлері үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін. Арал ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Махатовтың пікірінше, алдағы өзгерістерге қазірден дайындалып, жергілікті бизнестің әлеуетін арттыру маңызды.
– Геологиялық зерттеу жұмыстарының жаңа деңгейге көтерілуі – еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Арал бассейнінде жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде мұнай мен газ қоры бар перспективалы алаңдардың анықталуы ауданымыз үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы ықтимал. Егер алдағы уақытта осы аумақтарда барлау және игеру жұмыстары басталса, оған қажетті қосалқы қызметтерге сұраныс артады, – дейді бөлім басшысы.
Оның айтуынша, мұнай-газ саласының дамуы жергілікті кәсіпкерлер үшін бірнеше бағытта табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, арнайы техника жалдау, көлік-логистика қызметі, құрылыс-монтаж жұмыстары, жабдықтарды жөндеу, жұмысшыларды тамақтандыру және уақытша орналастыру секілді қызмет түрлеріне сұраныс артуы мүмкін. Бұған қоса құрылыс материалдарын өндіру, қойма қызметін ұйымдастыру және техникалық қызмет көрсету орталықтарын ашу да болашағы бар кәсіп түрлеріне жатады.
Бауыржан Махатов ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға да басымдық беру қажеттігін атап өтті. Қазіргі таңда Аралда балық өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру, түйе сүтін өңдеу бағыттарында инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл – жергілікті шикізатты дайын өнімге айналдырып, оның қосылған құнын арттырудың нақты үлгісі. Сондықтан алдағы уақытта да шағын өндіріс орындарын көбейтіп, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау маңызды.
Сонымен қатар бөлім басшысы геологиялық зерттеулердің дамуын туризм саласымен байланыстыра қарастыруға болатынын жеткізді. Оның пікірінше, Арал өңірінің табиғи ерекшелігі, теңіздің тартылу тарихы мен геологиялық құрылымы танымдық және ғылыми-экологиялық туризмді дамытуға негіз бола алады. Осы тұрғыда «Арал геопаркі» жобасының әлеуеті зор. Геологиялық мұраларды таныстыру, экскурсиялар ұйымдастыру арқылы ауданның туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік бар.
– Біздің басты мақсатымыз – ауданға тартылған инвестицияның игілігін жергілікті халықтың да көруіне жағдай жасау. Ол үшін жаңа жобаларға жергілікті кәсіпкерлердің қатысуын арттырып, тұрғындардың сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне және кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік туғызу қажет. Геология, өнеркәсіп және туризм салаларының өзара сабақтастығы Арал ауданы экономикасының жаңа бағыттарын қалыптастыруға негіз бола алады деп есептеймін, – дейді Бауыржан Махатов.
Арал бассейнінен анықталған әлеуетті алаңдар өңірдің экономикалық дамуына жаңа бағыт беруі мүмкін. Дегенмен геологиялық барлау жұмыстарының нақты өндірістік жобаларға ұласуы алдағы зерттеулер мен аукцион нәтижесіне байланысты. Табиғи байлықты игеру барысында жергілікті халықтың мүддесі мен қоршаған ортаның қауіпсіздігі қатар ескерілуі тиіс. Өйткені Арал үшін экономикалық өсім ғана емес, табиғи тепе-теңдікті сақтау да маңызды.
Ақниет ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ
21 қараша 2026 ж. 22 0