Үкіметтің баспасөз конференциясының негізгі қорытындылары: телекоммуникация саласын дамыту
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің, ҚР ЖИЦДМ Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсембековтің, «Қазақтелеком» АҚ бас директоры Ғазиз Дөненбайдың және оператор компаниялардың бірінші басшыларының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Жыл соңына дейін Aitu-ға танымал мемлекеттік қызметтердің 80%-ы енгізіледі.
2026 жылдың соңына дейін ең сұранысқа ие қызметтер трафигінің 75-80%-ы eGov GPT-дің ЖИ-сервисіне және онымен біріктірілген Aitu экожүйесіне ауыстырылады. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Бүгінгі таңда Aitu экожүйесінде 7 млн пайдаланушы тіркелген: ай сайынғы белсенді аудитория (MAU) шамамен 1,3 млн адамды, күнделікті (DAU) 300 мыңнан астам адамды құрайды. Министрдің айтуынша, платформа eGov GPT-дің ЖИ-сервисімен интеграцияланған, ол арқылы мессенджерде 55-ке жуық мемлекеттік қызмет қолжетімді, ал жыл соңына дейін ең сұранысқа ие қызметтердің 75-80% трафигі сол жерге ауыстырылады.
«Aitu трафигін ұялы байланыс операторлары тарифтемейді, сондықтан сервис тіпті нөлдік теңгерім кезінде де жұмыс істей береді», – деді Жаслан Мәдиев.
Поштаны, күнтізбені, мессенджерді және ЖИ-агенттер платформасын біріктіретін Aitu Workspace модулін мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор үшін қорғалған цифрлық жұмыс орны ретінде кеңінен қолданысқа енгізу дамудың жеке бір бағыты болмақ. Сондай-ақ бұл экожүйені денсаулық сақтау, білім беру салаларында және жоғары оқу орындарында ауқымды түрде пайдалану жоспарлануда.
Қазақстан әлемдік электрондық үкімет рейтингінде 16-шы орынға ие болды, ал ХҚКО-ларға бару 35-40%-ға азайды
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Цифрландыру және жасанды интеллект жылының қорытындысын ұсынды.
Министрдің айтуынша, жұмыс үш бағыт бойынша жүргізілген, олар: заңнаманы жетілдіру, инфрақұрылым мен адами капиталды дамыту.
Құқықтық блокқа ҚР Конституциясындағы азаматтардың цифрлық құқықтары туралы нормалар, цифрлық кодексті, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік туралы заңдарды қабылдау, телекоммуникациялар және дата-орталықтар туралы заңнаманы жаңарту, сондай-ақ Digital Kazakhstan жалпыұлттық стратегиясын бекіту кіреді.
Инфрақұрылымдық бөлімде суперкомпьютерлік қуаттар іске қосылды, «ДӨО алқабы» кеңейтілді, Транскаспий ТОБЖ төселіп, талшықты-оптикалық желі 3 мыңнан астам ауылға жеткізілді. 90%-дан астамы онлайн-форматқа ауыстырылған мемлекеттік қызметтер саласында жасырын сервистерді цифрландыру және ХҚКО-ларды халықтың цифрлық кеңселеріне айналдыру жалғасуда – бүгінде елімізде 9 AI-ХҚКО жұмыс істейді.
«Біз ХҚКО-ларға бару біртіндеп азайып келе жатқанын көріп отырмыз: егер былтыр бір жылда оған 15 млн-ға жуық азамат хабарласқан болса, биыл бұл көрсеткіш 35-40%-ға төмендеді. Үрдіс одан әрі жалғасуда», – деді Жаслан Мәдиев.
Электрондық үкіметті дамытудың жаһандық рейтингінде Қазақстан 194 ел арасында 16-шы орынды иеленді. Адами капиталды дамыту көзделетін үшінші блок шеңберінде мемлекеттік қызметшілерге арналған бағдарламаларды қоса алғанда, цифрлық дағдыларды оқыту бойынша білім беру бастамаларының негізгі бөлігі іске қосылды.















