Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Оңай өтіп жатқан жоқ": Елордада ауыр жол апатынан жарақаттанған әйелдің аяғын кесіп тастады

"Оңай өтіп жатқан жоқ": Елордада ауыр жол апатынан жарақаттанған әйелдің аяғын кесіп тастады

Елордадағы автобус апатында аяғынан айырылған келіншекке әлі күнге өтемақы берілмеген. Екі айдан бері ауруханада жатқан келіншектің дәрі-дәрмегіне де қаржы қалмапты. Бұл туралы науқастың қызы айтты. Ал автобус паркі соттың шешімі шыққаннан кейін ғана материалдық көмек көрсетілетінін айтады.

26-наурыз күні болған сұмдық автобус апатында қоғамдық көліктен әрең шығарылған Сүрия Жанабекова 80 күн бойы ауруханада емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оның сол аяғын сақтап қалу үшін 15-тен астам операция жасалыпты. Алайда барлығы сәтсіз. Сондықтан оның сол аяғын кесіп тастауға тура келді, дейді олар
«Бүгінгі медицинадағы барлық тиімді әдісті қолдандық. Еліміздегі ең үздік ортопедттер мен травмотолог дәрігерлер науқасқа кеңес берді. Тіпті, шетелден тәжірибелі мамандарды шақырттық. Өкінішке орай, Германия мен Мәскеуден келген травмотологтар да көмектесе алмады. Сондықтан 1 апта бұрын аяғына ампутация жасадық», - дейді №2 қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Иван Ли.
Сүрия Жанабекованың қызы Ләззаттың айтуынша, дәрігерлер анасының аяғына протез салу қажет екенін айтқан. Алайда автобус паркі зардап шегушіге әлі өтемақы бермепті. Ал қолжетімді әрі сапалы протез тек Еуропада бар, оның құны кем дегенде 15 мың еуро, теңгеге шаққанда 7 миллионға жуық, дейді қызы. 
«Анам жайдары, белсенді адам болғанымен, ауруханадағы күндері оңай өтіп жатқан жоқ. Жалпы дәрігерлердің болжамы жақсы, бірақ әлі ешқандай өтемақы алмадық. Тұрмысы орташа отбасы үшін күнделікті психолог сияқты түрлі мамандарды жалдау қиын. Бәрі ақша ғой. Тегін ем біткен соң да анамның толыққанды адам болуы үшін қыруар қаражат қажет», - дейді Ләззәт Нұрлыбаева.
Еске сала кетсек, сол күні жол апатынан автобус жүргізушісі мен бір жолаушы көз жұмған еді. Тағы 36 адам жарақат алып, басым бөлігі №2 ауруханаға жеткізілген болатын. Аяғы жұлынып кеткен Фарида есімді тұрғынға ота жасалып, бір айдан соң ауруханадан шығыпты. Ал жұлынынан ауыр жарақат алған Зина Ақжанова әлі ұлттық нейрохирургиялық орталықта ем алуда. Қоғамдық тасымалға жауапты компания зардап шеккендерге өтемақы төлеудің тәртібі бар дейді. 
«Бірінші автопарк сақтандыру компаниясы бар. Солармен келісім шарты да бар. Егер де жол апаты болып тұрса, зардап шеккендерге өтемақы төлеуі керек. Соттың шешімі жоқ. Сот шешімі шыққаннан кейін ғана оларға өтемақы төлей алады», - дейді «Астана LRT» қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі Науат Азанбаева.
Ал жол апатына байланысты қозғалған қылмыстық іс әлі тергеліп бітпеген. 
«Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Сот медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша нақты процесуалдық шешімдер қабылданатын болады», - дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Софья Қылышбекова.
Тергеудің қашан аяқталып, соттың шешімі қашан шығатыны әлі белгісіз. Себебі бұл жантүршігерлік жол апаты аса күрделі істердің қатарына жатқызылады екен. Сондықтан төсекке таңылған Сүрия Жанабекова ауруханадан шыққан соң да біраз күтетін секілді.
http://stan.kz
14 маусым 2019 ж. 885 0