Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ырым қырын кетпесін...

Ырым қырын кетпесін...

Әр ұлттың өзіндік тарихымен бірге ежелгі ата-бабаларымыздан жеткен ырым-тыйымдарымыз бар. Балаға бұғана бастыртпайды, бойы өспей қалады дейді. Сәби көзін ашып ұйықтаса, жары сұлу болады деген түрлі сенімдер көбімізге таныс шығар.
Германия елінде кімде-кім бокал толтырылған суды денсаулық үшін көтерсе, ол жанындағыларға өлім тілеген деген сөз екен. Ал бұл біз үшін ішімдікті ішкізу мақсатында қолданылатын құйтырқы әрекет болып есептеледі. Қытай мен Жапония елдерінде 4 санын өліммен байланыстырады. Себебі, «өлім» деген сөз«төрт»  санының таңбалануымен өте ұқсас көрінеді. Түркияда кешкі астан соң сағыз шайнауға болмайды екен. Егер түн ішінде сағыз шайнаған адамды көрсе, өлген адамның денесін шайнаған деп есептелінеді. Солтүстік Америкада балаларасфальт жолдың жарылған жерін бас­пайды. Байқаусызда осы жерді басып кеткен баланың анасының арқасына бірдеңе болуы мүмкін деседі.
Ал қазақтың ырымдары жазылмаған дала заңдары іспетті өте қатаң сақталған. Бұл – жат елдердің сенімі. Әсіресе, қыз бала тәрбиесіне аса көңіл бөлген. Қызға қырық үйден тыю деп, орынсыз күліп, сөйлеп, кешкілік уақытта қыдыруды әдепсіздік санаған. Дастарқан үстіндегі әдептер де ерекше. Яғни, «тамақты сораптап ішпе, тамақ ішіп отырғанда көп сөйлеме» деген секілді тыйымдары бар. Нанды бір қолмен үзбейді. Өйткені, екінші қолы жоқ мүгедек жандар ғана бір қолмен үзеді деген. Балаға ми жегізбеген, ынжық болады деп санаған. Сонымен қатар дүниеге сәби әкелгелі отырған жас аналарға да ырымдар айтылған. Баласы кіндігіне оралып қалады деп екіқабат әйелге ине-жіп ұстатпаса, аяғы ауыр немесе жас босанған әйелге түнде суға баруға болмайды. Екіқабат әйелге қайшы, пышақ және ара ұстатпайды. Ұстаса, мерзімінен бұрын босанады деген. Қазақ әйелдері басына тағып жүрген жаулығын өзгеге бермейді. Олай етсе, «басымдағы бақ басқаға көшеді» деп ырымдаған.
Тұрмысқа байланысты да ырымдар жетерлік. Солардың бірі, әрі қазіргі уақытта қолданыстан шығып, ұмыт бола бастағаны түнде сандықты ашпаған. Себебі, түнде ашылған сандық қаралы хабардың, қазаның белгісі деп түсіндірілген. Өте қажет кезде ғана «ішіне жылан кіріп кетті» деп ашқан. Адам ұмытшақ болады деп, жанып тұрған шырақты үрлемеген.
Үлкендеріміз «олай істеме, бұлай істеме» деген ырым­дарының тәрбиелік мәні зор. Әл-Фараби бабамыз: «Адам­ға бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз бе­ріл­ген білім – адамзаттың қас жауы»,– деген. Қазақтың ырым­дарының көпшілігі дерлік бала тәрбиесіне байланысты мәні бар. Сондықтан да ата-бабаларымыздың мұра қылып қалдырған ырымдарын өзімізге сіңіріп, үлгі етіп алғанымыз жөн.
Айсәуле Нұрланова,
ҚМУ-дың 3-курс студенті
24 маусым 2019 ж. 1 316 0