Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапарбаев: Егер адам жұмыс істемесе - АӘК төлеуді тоқтатамыз

Сапарбаев: Егер адам жұмыс істемесе - АӘК төлеуді тоқтатамыз

Бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев биылғы 1 сәуірден бастап жаңа форматта төлене бастаған атаулы әлеуметтік көмектің алғашқы нәтижелері туралы айтып берді, Қазіргі таңда АӘК-ті 285 мың отбасы немесе 1,4 миллион қазақстандық алды, соның ішінде 900 мыңы - балалар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, бүгінде АӘК алушылар қатарынан 393 мың адам - еңбекке қабілетті. Олардың 81 мыңы міндетті түрде жұмысқа орналастырылуы тиіс. Дегенмен, олардың тек 38 мыңы жұмыс істейді. 30 мың адам әлеуметтік келісімшартқа қол қойды.     "Бұл - өте төменгі көрсеткіш. Біздің ең басты міндетіміз - АӘК алатын отбасыда еңбекке қабілетті адамдар болса, онда олар жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан да біз өңірлердің әкімдеріне әлеуметтік келісімшартқа қол қою қажет екенін айтамыз, одан кейін міндетті түрде жұмысқа орналастыру қажет. Егер азамат жұмыс істемесе, онда біз АӘК төлеуді тоқтатамыз. Осындай талап пен заң бар", - деді министр.    Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев жұмыс сұрайтын адамдар аз екенін атап өтті. Барлығы АӘК алғысы келеді. Бұл мәселеде, министрдің айтуынша, масылдыққа жол бермеу қажет. "Ең бастысы - біз масылдыққа жол бермеуіміз керек. Ақтауда Қасым-Жомарт Кемелұлы: "Біз масылдық пен мұқтаждықты айыра білуіміз керек" деп айтты. Адамдардың үйде жатып, 100 мың тг немесе 180 мың тг көлемінде АӘК алуына мүмкіндік бермеу керек. Сондықтан да, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, АӘК төлеуді қысқартамыз", - деді Бердібек Сапарбаев. Мемлекет өз тарапынан жұмыспен қамтуды қолдау шараларын ұсынады. Біріншіден, 505 мың теңге сомасына пайыз бен комиссиясыз тегін қайтарымсыз гранттар берілетін болады. Екіншіден, 6 пайыз мөлшерінде шағын несие беріледі. Үшіншіден, егер азаматтың мамандығы жоқ болса, онда ол қысқа мерзімді курстардан өтіп, мамандық ала алады. Мамандығын алғаннан кейін және сертификат берілген соң, ол өзінің бизнес-жоспарын жасап, өз ісін бастай алады. Мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға әлеуметтік жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Бұл үшін қосымша қаражат бөлінеді. "Егер жұмыс берушілер мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға жұмыс орындарын ашатын болса, онда біз оларға 35% субсидия төлейтін боламыз", - деді министр.
02 шілде 2019 ж. 824 0