Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда жаңа тұрғын үй көлемі бойынша көш бастап тұр

Қызылорда жаңа тұрғын үй көлемі бойынша көш бастап тұр

Қазақстанның 10 өңірінде құрылыс көлемі артты. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Алмаз Ыдырысов Primeminister.kz сайтына берген сұхбаты барысында айтты.
 «Еліміздегі тұрғын үй құрылысының қарқыны жыл сайынғы өсудің оң қарқынын сақтап тұр. 2019 жылы 13,1 млн шаршы метр салып, пайдалануға беру жоспарланған, оның 5,7 млн шаршы метрі осы жылдың бірінші жарты жылдығында пайдалануға берілді, бұл жылдық жоспардың жартысына жуығы (немесе 43,5%). Өткен жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің артуы республиканың 10 облысында жалғасуда. Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көшбасшылар — Түркістан, Қызылорда, Алматы, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Жамбыл, Павлодар облыстары. Құрылыстың көлемі бойынша Қызылорда, Қарағанды, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Павлодар облыстары және Алматы қаласы көш бастап тұр», - дейді Алмаз Ыдырысов.
Сұхбат кезінде Алмаз Ыдырысов 4 аймақта көрсеткіштердің төмендегенін айтты.
«Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев Университетінің нысандары мен көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысының аяқталуына байланысты жұмыс көлемі азайды. Шымкентте құрылыс жұмыстарының төмендеуі трансформатор зауытының құрылысы бойынша жұмыстардың азаюына, Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жұмыстардың аяқталуына, жолдар мен көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына байланысты болды. Маңғыстау облысында автожолдарды реконструкциялау және Құрық портында өндірістік кешендер салу жұмыстарының аяқталуына байланысты құрылыс жұмыстарының көлемі азайды», - дейді төраға орынбасары.
12 тамыз 2019 ж. 1 251 0