Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысының әкімі жұмыс сапарымен Түркістан облысында болды (ФОТО)

Қызылорда облысының әкімі жұмыс сапарымен Түркістан облысында болды (ФОТО)

  Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Арыс қаласындағы қалпына келтіру жұмыстары мен Түркістандағы халыққа қызмет көрсету кешені құрылысымен танысты. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
  Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапары аясында Арыс қаласындағы өңірімізге бөлінген бөлінген № 6 аумақты аралап көрді.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысына Арыс қаласындағы 268 тұрғын үй, 5 әлеуметтік және 10 кәсіпкерлік нысан орналасқан №6 аумақ бөлінген.
Бүгінгі күні қалпына келтіруге жатпайтын үйлердің бірі бұзылып, оның орнына жаңа үй сатып алынған.
Сондай-ақ, келісім бойынша қаланың көпқабатты үйлерінің бірінен тұруға жарамсыз деп танылған жеке үй тұрғындары (93 жастағы әже, 60 жастағы мүгедек ұлы мен 19 жастағы немересі) мен бір аулада орналасқан тұруға жарамсыз екі үйдің тұрғындары үшін жаңа баспана сатып алынды.
Ал, қалған 264 үй толығымен қалпына келтірілген. Қалпына келтіру жұмыстарын орындау үшін 20 құрылыс компаниясы жұмылдырылған. Сырбойылық құрылысшылар Арыс қаласында өздеріне бөлінген жұмыстарын толығымен аяқтады.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Түркістандағы халыққа қызмет көрсету кешенінің (Шығыс моншасы) құрылыс барысымен танысып, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Маминге құрылыс жұмыстары туралы баяндады.
"Бүгінгі таңда кешен қабырғалары мен бағаналарын салу жұмыстары толығымен аяқталды, ғимаратты жылу оқшаулағыш материал – минералды мақтамен қаптау және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Кестеден қалыс қалу жоқ, құрылыс жоспарланған мерзімде аяқталады", - деді Қуанышбек Ысқақов.

Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысы құрылғаннан кейін жаңа аймаққа сый ретінде бірқатар әлеуметтік-мәдени нысан салып беру туралы шешім қабылданған болатын. Оның ішінде Қызылорда облысына тәулігіне 100 адамға арналған халыққа қызмет көрсету кешені (Шығыс моншасы) құрылысы бөлінді. Кешеннің жалпы ауданы - 3 мың шаршы метрден астам. Құрылыстың бас мердігері - "Бақ-Береке 2030" ЖШС.
19 тамыз 2019 ж. 741 0