Бүгін Батырхан Шүкеновтің туған күні
Бүгін Қазақстанның әйгілі эстрада әншісі, композитор Батырхан Шүкенов дүниеге келген. Ол Қызылорда облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітірген. 1982 жылдан Роза Рымбаеваны сүйемелдейтін «Арай» тобына кірді. 1987 жылы «Алматы» тобын құрады.
Кейіннен ол «Алматы-Студио» тобы болып қайта құрылды. 1989 жылы өзінің атақты «Джулия» деп аталатын хитын жазды. Осы жылы «А-Студио» Алла Пугачеваның «Рождестволық кештер» әш кешіне қатысқаннан кейін ансамбль атағы бұрынғы Совет одағы аумағында танымал болды. Әнші 2002 жылы Қазақстанға оралып, өзінің алғашқы «Отан ана» атты жеке альбомын шығарды. 2007 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет жөніндегі кеңесшісі болды. 2009 жылы ЮНИСЕФ ерікті елшісі, 2010 жылы Алматыдағы Қайырымдылық балы комитетінің құрметті мүшесі болды.
Батырхан Шүкенов өзінің нағыз талант екенін «A`Studio» тобының құрамында жүргенде көрсеткен. Ал, Ресейдің «Один в один» тележобасынан оның актерлік қабілетін көргенде, таңдай қаққанымыз рас. Батырхан соңғы рет осы бағдарламада америкалық белгілі зағип әнші Стиви Уандердің бейнесін сомдады. Бірақ әншінің өзі дәл осы бағдарламаны телеарнадан тамашалай алмай кетті.
Әнші «Один в один» бағдарламасында оннан астам белгілі өнерпаздың рөлін асқан жауапкершілікпен орындап шықты.
Батырхан тек әнші ғана емес. Оның ақындық, хәм композиторлық қасиеті де бар еді. Өзі құрған «A`Studio» тобында 12 жыл өнер көрсетіп, 2000 жылдардың басында жеке шығармашылықпен айналысты. Топтан кеткен соң оның биік белестерге көтерілетініне күмән келтіргендер көп болды. Бірақ ол қиындықтың бәрін артқа тастап, Ресейдің үлкен концерт залдарында бірнеше мәрте жеке шығармашылық кеш өткізді.
Батырхан Шүкенов 53 жасқа қараған жасында Мәскеу қаласында жүрек талмасынан қайтыс болды.
kyzylorda-news.kz